Болат Қалымбетовтің баршаға белгілі «Балалық шаққа саясаттағы» бір суретінен көз алмай қарап отырмыз. Баланың баланы дәл мынадай кейіпке еніп, сондай бір табиғи түрде танытуы оңай ғой деймісіз?! Өзің тау-тастың арасындағы бар қызықтан бөлініп, кино түсіру алаңына жедел жеткізілген ойын баласы болсаң, осында зорлап әкелген айбынды режиссердің алдында жан-тәніңмен сонша беріле өнер көрсетуге көңіл-қошың келе қоя ма? Ит жының ұстап, шекең тырысып тұрғанда шаттанып күле аласың ба? Не болмаса, сіркең су көтермей, ауылға қайтқың кеп, қатарластарыңды сағынып, мазаң кеткен сәтте аяқ астынан көз жасыңды көл қылып, жақсылап жылап берер ме едіңіз? «Көрермендердің сұрауы бойынша», балалығың мен шалалығыңды жеңіп, егіле әрі сөгіле ойнап, қабағыңнан мұң торлатып, тер секілді тамшылатып жанарыңнан жас төгу қолыңнан келе ме?
Ал соның бәрі Қалымбетовтің қолынан келді. Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхаты» бойынша түсірілген фильмдегі бала Бектастың бейнесі шынайылығы жағынан әйгілі шығарманың кішкентай кейіпкерінен асып кетпесе, кем қалған жоқ. Яғни, титімдей шақар ұл түпнұсқаның өзін түрлендіріп жіберді. Бесіктен белі шықпай жатып, кәнігі актерлердің қатарына кеп қосылған бір тұтам баланы шырқау биікке көтерген атақты режиссер Абдолла Қарсақбаев екені белгілі. Бәрібір бойында қабілеті болмаса, мұрты таудай, қаһарлы Қарсақбаев оны қайтпек?
* * *
Ел алдына елпілдеп көп шыға бермейтін Болат ағаммен екі ғасырдың тоғысында таныстық. «Хабар» телеарнасында жұмыс істеп жүргенімізде «Көзкөрген» сериясы бойынша атақты режиссер Абдолла Қарсақбаев туралы деректі фильм түсіруге тапсырма алдық. Бұл бағдарлама Болат Қалымбетовтің қатысуынсыз қалай әзірленбек? Оған дереу хабарластық. Қырық бес жастағы жігерлі жігіт. Бір орында тыпыршып тұрмайды. Әңгімесін бастай жөнелді. «Аулада футбол ойнап жүргенбіз. Ересектеу балалар бойым кіші болғанына қарамастан мені қақпашы етіп қоятын. Ойын қызығына беріліп, айғайласып-шуласып жатқанбіз. Бір кезде қарасам, шашы бұйра, мұртты кісі кісі қасымда тұр..».
Осы тұсқа келгенде Бөкең «Мұрты Буденныйдың мұртындай. Міне, мынадай!», – деп, екі қолының сұқ саусағымен шиырып тұрып көрсетті. Сол сәтте сұхбаттасымыз баяғы өзін әйгілі еткен белгілі фильмдегі тентек балаға ұқсады да кетті.
Абдолла Қарсақбаевқа түр-тұрпатынан, жүріс-тұрысынан қайсар мінезі атойлап тұрған бұл бала ұнап қалса керек. «Киноға түскің келе ме?», – дейді ағасы. «Білмеймін оны…», – дейді бұл. Он жастағы кезі ғой. Ақыры соларға ілесе кетеді. Ілескені бар болсын, сотанақ бала әйгілі режиссерді талай рет әуре-сарсаңға түсірді.
* * *
«Балалық шаққа саяхатта» бір эпизод бар. Бас кейіпкер Бектас Жанбосынмен төбелескен кезінде көзі ісіп кетуі керек. Осыған орай кино мамандары Болаттың қабағына күн сайын укол салады. Одан соң қастың үстін гримдеп, әбден «көгертеді». Сол кезде қас-қабағы кәдімгідей томпиып тұрады. Болаттың мазасын кетіретін осы бір уколдың шаруасы ұзаққа созылады. Бір күн емес, бес күн, он күн… Мұның бәріне шыдамдылық танытып, үн-түнсіз жүре берсе Болат бола ма, бір оңтайлы мезетте киногерлер арасынан сытылып шығып, шығынып қашады. «Әй, қой айналайын», – дедім де күн арқан бойы көтерілген соң автобусқа мініп, Жаркенттен Алматыға тарттым. Одан әрі қарай Нарынқолдан бір-ақ шықтым», – дейді өзі.
Хас талант Абдолла Қарсақбаев тентек ұлдың бұл еркелігін де көтереді. Содан оншақты күннен кейін оны өзі іздеп, жолға шығады. «Өй, Болатжан, мұның не?», – деп мейірімін төгіп, өбіп-өбектеп, алдап-сулап, кино түсіру алаңына алып келді. Мұнда келген соң, әрине, басқаша сөйлеседі. Бала шектен шығып бара жатса, бұрышқа апарып, қысып-қысып алатын. Ал енді сол «қысып-қысып алғаннан» біздің Бөкең жаман болған жоқ.
* * *
Жалпы, ол киноға ерте келді, еркелеп келді. Бердібек көкемнің «Балалық шаққа саяхатының» сәулетті символы, берекелі бойтұмары боп келді. Атақты режиссер Абдолла Қарсақбаев оны қаршадайынан қуалап, қыр соңынан қалмай жүріп, фильмге түсірді. Бұл талай рет түсіру алаңынан қашып кетіп, Әбекеңе көресіні көрсетті. Сонда да Қарсақбаев оның тентектігіне қарамай, талантын түрткілеп оятып, бағын ашты. Бірақ осы Болат ағамның да балалық дәуірінің жартысын кино ұрлаған секілді көрінеді бізге. Ақыры, бақ-несібесі экранға телініп тұрғаны белгілі болды. Танымал актерге, тегеурінді режиссерге айналды. Жас кезінде көпке таныс кейіпкерлерді кескіндесе, есейген шағында қарымды қаламгерлердің шығармалары негізінде есте қаларлық елеулі кинокартиналар түсірді. Актер Болат Қалымбетов режиссер Болат Қалымбетовке ығысып жол берді. Өнерге бала кезінде келген соң ба, ол әлі күнге дейін өзінің баланың пейіліндей тазалығын сақтап қалған тәрізді. Кино саласын жан-жүрегімен жақсы көреді. Киностудияның бір шегесі қисайса, соны ойлап мұңға батады. Дауысы жеткен жеріне дейін айтқысы келеді. «Әй, бірақ мені тыңдап жатқан кім бар дейсің?», – деп тағы да тосылады. Адал. Ақкөңіл. Ағеден. Адам баласының бәрін жақсы жағынан көргісі келеді. Сол баяғы еркелік. Сол баяғы көнбістік. Ол – сонысымен де қайталанбас Қалымбетов…
* * *
Болат Қалымбетов бүкіл балалығын қазақ киносына берді. Жанымен ойнады. Жанарымен ойнады. Жүрегімен ойнады. Кейде осы режиссер Қалымбетов актер Қалымбетовке аздап обал жасаған секілді көрінеді бізге… Оны енді Болат ағамның таңдауы мен самғауы біледі. Ал өз дәуірінде мына фильмді көрмеген адам бар ма еді?! Бектас роліндегі Болаттың актерлік шеберлігіне осы заманғы «хит», «супер», «креатив» деген баға жетпес ұғымдардың өзі мүлде шендесе алмайды-ау… «Ақ тер, көк тер болсаң ғана актер атанасың» деген осы да…
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2024 жыл
«Шағала» жинағынан
USD




