АЛМАТЫ. 21 желтоқсан. Қазақ театры мен киносының аса танымал тұлғасы, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов 88 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Arasha.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бүгін қазақ театр және кино өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Қазақ сахнасының абызы, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті. кино және театр әртісі, режиссер, театрымыздың негізін қалаушы көркемдік жетекшіміз, аяулы ұстазымыз Асанәлі Әшімұлы өмірден өтті. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің қоштасуы. Ол өнерге адалдықтың, сахнаға тазалықпен қызмет етудің, ұлт рухын қорғаудың үлгісін көрсетті», – деп жазды «Алматы әуендері» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
Асанәлі Әшімұлы 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, «Жайылма» ауылында туған. 1961 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.
1961 жылы «Қазақфильм» киностудиясына актер болып қабылданды. 1964 жылдан М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамында қызмет ете бастады.
Асанәлі Әшімов театр сахнасында М. Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ. Мұхамеджанов пен Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М. Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И. Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер болып ойнап, бұдан да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесін көрсетті.
Асанәлі Әшімов сонымен қатар қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің қатарынан табылды. Оның кинодағы Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров («Атаманның ақыры», 1971), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Трансібір экспресі», 1977), Қаражал («Жаушы», 1980), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел», 1998) рөлдері де актердің даңқын асырды. Ол сондай-ақ режиссер ретінде де өз қолтаңбасын қалдырды.
Оның қаламынан туған естеліктер мен эсселер «Майраның әні», «Жан бөлек»6 «Менің жанрым – күнделік», «Алаштың Асанәлісі», «Ғұмыр-дария» деген атаулармен кітап болып шықты.
Өнер тарланы 1973 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды, ал 1976 жылы Қазақ КСР халық артисі, 1980 жылы КСРО халық артисі атақтарын алды. 2017 жылы оған еліміздегі ең жоғары марапаттардың бірі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Айтулы актер 2000 жылы «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты атанды. 2007 жылы әлем киносындағы зор үлесі үшін ЮНЕСКО халықаралық академиясының «Алтын Қыран» орденімен, сондай-ақ Ресейдің Ломоносов атындағы алтын орденімен наградталды, 2011 жылы ТМД-ның «Достастық жұлдызы» халықаралық сыйлығының лауреаты атанып, «Достастық жұлдызы» орденін алды, 2013 жылы «Аңыз Адам» Ұлттық сыйлығына ие болды.
Ол – «Парасат», «Құрмет» ордендерінің кавалері, сондай-ақ Алматы қаласының, Жамбыл облысының, Түркістан облысының, Жамбыл облысы Сарысу ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның бірнеше жоғарғы оқу орындарының құрметті профессоры.
Атақты актердің артында кейінгі үш некесінен бірнеше баласы қалды.
Қош бол, қазақ өнерінің тарланбоз тұлғасы!
* * *
Бұдан бір аптаға жетпейтін уақыт қана бұрын, 15 желтоқсан күні Асанәлі Әшімовтің телеарна тілшісіне берген сұхбатынан үзінді Qandastar.kz порталында жарияланған еді.
Төменде сол интервьюді жариялап отырмыз.

«Ұлдарымның өлімін өзімнен көремін»: Асанәлі Әшімов екі баласы неден қайтыс болды?
Қазақстанның Халық артисі, еңбегі сіңген қайраткер Асанәлі Әшімов 1993 жылы жары Майрадан, ал 1999 жылы Сағи мен Мәди есімді қос ұлынан айырылғанын еске алып, бұл ауыр сынақтан қалай өткенін баяндады. Әшімов бұл туралы Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтты.
«Жұбайынан, артынан Сағи мен Мәдиінен айырылған Әшімов бұл сынақтан өткеніме «өзім де таңғаламын» деймін. «Өзім де таңғаламын. Кітап жаздым, оны роман етейін деп жазғаным жоқ. Майрамен (бірінші жұбайы) әңгімелесейін деп жаздым. Екіншісі – «Жан бөлек» деп балаларға арнап жаздым. Үйде есікті іліп алып, айқайлаған кезім болды. Тауға шығып алып, Майра деп айқайлайтынмын. Сондай әрекеттермен аман қалдық. Ауырдық, ауруханаға түстік. Жан бөлек болғаннан кейін, тірі адам тіршілігін жасайды екен. Қазір екінші өмір басталғандай. Адам тірі жүрсе, бәрін көре береді екенсің. Өмірім біркелкі өткен жоқ, жақсылық та, жамандық та болды», – дейді Асанәлі Әшімов.
Асанәлі Әшімов екі ұлының қатарынан дүниеден өтуін жай кездейсоқтық емес деп санайды. Ол өмірде тіл мен көздің бар екеніне сенетінін айтты.
«Тіл-көзге сенемін, тіпті көз жеткіздік десем болады. Менің отбасыма тіл тиді деп жаздым да. Екеуінің еш себепсіз қатар кетуінен солай ойладым», – дейді актер.
Асыл өнер иесі кіші ұлы Мәдидің ауыр халде жатқан сәтін көзіне жас алып еске алды.
«Біз атеист болып өстік қой. 70 жыл бізге Құдай жоқ деп үйретті. Бірақ екі балам кеткенде Құдайдың бар екенін сездім. Мәдиім ауырып жатқанда: «Аға, уайымдамаңыз, 20 күннен кейін шығамын», – деді. Одан 20 күн өткен соң, жағдайы ауырлады. «Балам-ау, мынау не?» дегенде, «Жай әшейін» деп мені тыныштандырды. Ең соңғы тілі байланып жатқанда маған ұзақ қарады. Сонда: «Аға, сіз құдіретті едіңіз, мені құтқару қолыңыздан келмеді ме?» дегендей болды. Маған Құдайдай сенгені ғой. Ал Сағи аяқ астынан кетті. Бөлек тұратын. Үйге келіп қонып, апаммен екі сағат сөйлесіп, ваннаға ұзақ түсті. Залға жатайын деп төсек салып, жатып қалды. Содан таңертең тұрмай қалды ғой. Мәдиім екі айдай ауырды. Аралары 1,5 жас еді, біреуі жылдың басында, біреуі соңында кетті. Обал болды», – деп көзіне жас алды Әшімов.
Асанәлі Әшімов қос ұлының қазасын жеке басындағы кемшіліктерімен байланыстыратынын ашық айтты.
«Кейбір жасаған күнәларым үшін Жаратушы солай жазалады» деп ойлайды. «Кейде өзімнен көремін. Даңдайсып кетіп қалған кездеріміз болды. Алла Тағала кішкене қағып жіберді ма деймін. Атақ-абыройлар көтеріп жіберген кездер болды. Мәссаған деп көрсетейін деп төбемнен бір-ақ ұрғандай», – дейді Асанәлі Әшімов.
USD



