АСТАНА. 20 тамыз. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша жеке азаматтарды қабылдау жасап, мәселелерін шешуге көмектесті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қабылдауға төрт азамат қатысты. Олардың үшеуі министрге – офлайн форматта, біреуі онлайн форматта жүгінді.
Өтініш білдірушілер онкологиялық көмек көрсету, мүгедектікті белгілеу, операциядан кейінгі оңалту, күрделі диагнозы бар баланы емдеу, сондай-ақ дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша хабарласты.
Өтініш білдірушілердің бірі мәселе көтеріп қана қоймай, туысының онкологиялық ауруын емдеген дәрігерлерге алғысын да білдірді. Сонымен қатар одан әрі пысықтауды қажет ететін мәселелер де көтерілді.
Министр әрбір өтініш білдірушіні мұқият тыңдап, түсіндірмелер берді және азаматтардың өтініштерін жедел қарауды жауапты құрылымдарға тапсырды.
«Мұндай қабылдаулар азаматтардан кері байланыс алуға ғана емес, сонымен қатар жүйелі шешімді қажет ететін мәселелерді сол жерде анықтауға мүмкіндік береді», – делінген министрлік хабарламасында.

USD




