МӘСКЕУ. 28 желтоқсан. Ресей президенті Владимир Путин кеше Қазақстанның бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарабаевпен кездесті. Бұл туралы Kremlin.ru порталының дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ресей Президентінің сайты аталмыш кездесу жайлы жариялаған «Встреча с Нурсултаном Назарбаевым» деген ақпарын бір-ақ сөйлеммен тиянақтаған екен. «В Кремле состоялась встреча Владимира Путина с Первым Президентом Казахстана Нурсултаном Назарбаевым» делінген онда.
Бұдан басқа бір ауыз сөз жоқ.
Ал РФ президентінің баспасөз хатшысы жариялаған рәсімде ақ гүлдермен көмкерілген дөңгелек үстел басында Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев фотоаппарат ұңғысына қарап қойып отыр.
Кезінде «Елбасы» деген қосымша атақ алып алған Қазақстанның бұрынғы басшысы өзі тақтан кеткеннен кейін, 2020 жылдан бері көрші мемлекеттің көсемімен 6 рет кездесті. Олардың бірінші ұшырасулары 2020 жылдың наурызында Мәскеуде, Кремльде өтті. Бұл жұп екінші рет 2021 жылдың маусым айында Мәскеуде, бірақ сырт жерде кездесті. Үшінші кездесу 2021 жылы 28 желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен саммиттер аясында орын алды. Оның артынша, яғни келесі жылдың 2 қаңтарында Қазақстан қалаларында тура 10 күнге созылатын әйгілі Қаңтар қақтығысы басталып кетті.
Бұлар өздерінің төртінші кездесулерін 2024 жылдың желтоқсанында Путиннің Мәскеу түбіндегі Ново-Огарево резиденциясында өткізді. Ал бесінші беттесу биыл, 2025 жылғы 29 мамырда Кремльде тіркелді.
Енді, міне, 27 желтоқсан күні олардың соңғы, алтыншы кездесулеріне кезек келді.
Жасыратыны жоқ, біздің «зейнеткер ақсақалдың» Мәскеуге арнайы барып, Кремльдің қожайынымен жеке кездесуі әр жолы қазақ қоғамында біраз дүрбелең мен наразылық туғызып жатады. Бұл жолы да әлеуметтік желіде мына ұшырасу жөнінде жағымсыз сөз айтып жатқан адамның қарасы көп.
USD




