МӘСКЕУ. 10 мамыр. Ресей президенті Владимир Путин Арменияда ЕО және Ресеймен қарым-қатынас мәселесі бойынша референдум өткізу туралы бастама көтерді. Бұл туралы Interfax.ru ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Менің ойымша, Армения азаматтарына да, бізге де, басты экономикалық серіктес ретінде де мүмкіндігінше ертерек шешім қабылдау дұрыс болар еді. Мысалы, референдум өткізу керек», – деді Путин журналистерге.
«Бұл біздің ісіміз емес, бірақ, негізінен, референдум өткізіп, Армения азаматтарынан сұрау қисынды болар еді. Олардың таңдауы қандай болады? Осыған сәйкес біз тиісті қорытынды жасап, жұмсақ, ақылды және өзара тиімді ажырасу жолына түсер едік», – деп атап өтті ол.
Кремль көсемі сонымен қатар Украинамен параллель жүргізіп көрді. «Біз қазір Украинада не болып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ ол неден басталып еді? Украинаныі ЕО-ға кіруге талпынысынан», – деді ол еш шімірікпей.
Армения бұған дейін ұзақ уақыт бойы Ресеймен тығыз қарым-қатынаста болып келді. Алайды соңғы жылдары премьер Никол Пашинянның кезінде Брюссельмен жақындасу ишарасы айқын байқала бастады, бұл өз кезегінде Ресейдің анық наразылығын туғызды. Бұған қоса, Армения 2024 жылы Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымы – Ресейдің басшылығындағы әскери альянстан шығып кетті. Бұған Арменияның Әзербайжанмен соғысында Мәскеу тарапынан қанатты қолдау бола қоймағаны себепкерлік еткен сияқты.
Бұрын хабарланғандай, 4-5 мамыр аралығында Ереванда Еуропа саяси қоғамдастығы мен «ЕО – Армения» саммиті өтті. Іс-шараға 30-дан астам елдің делегаттары қатысты. Негізгі тақырыптар қауіпсіздік, Украинаның айналасындағы жағдай және Арменияның еуроинтеграциясы болды. Брюссель сонымен қатар Ереванға 30 миллион еуро көлемінде әскери көмек бөлетінін жариялады.
Өз кезегінде, 7 мамырда Ресей сыртқы істер министрілігінің ресми өкілі Мария Захарова Арменияны Мәскеуге қарсы әрекет жасамау туралы уәделерін бұзды деп айыптады.
USD




