ТАЛДЫҚОРҒАН. 13 тамыз. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Жетісу өңіріне екі күндік жұмыс сапарымен ат басын тіреді. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бірінші вице-премьер Талдықорған қаласындағы инвестициялық және инфрақұрылымдық, электрмен және жылумен жабдықтау саласындағы ірі жобалармен, тұрғын үй, әлеуметтік және өртке қарсы инфрақұрылым нысандарының құрылысымен танысты.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру, инфрақұрылымдық жобалар арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту туралы тапсырма бергені белгілі. Аймақтардағы осы бағыттағы жұмыстарды, әр жобаның іске асу барысын Үкімет басшысы бақылауына алған», – деп жазды Нұрлыбек Машбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында бұл сапары жайында.
Үкімет басшысы бірінші орынбасарының Жетісу өңіріне жұмыс сапары облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары таныстырылған кеңестен басталды. Экономикалық өсімге негізгі үлесті өнеркәсіп саласы, көлік және қоймалау, байланыс қызметтері мен ауыл шаруашылығы қосты. Жалпы саны 11 500-ге жуық жұмыс орны ашылды.
Сапар жалғасы Текелі қаласында ұласып, Үкімет басшысының бірінші орынбасарына жеке инвестициялар есебінен жұмыс істеп тұрған энергетикалық кешенді жаңғырту және кеңейту жұмыстары көрсетілді. Қазір жалпы қуаты 36 МВт болатын үш газтурбиналық қондырғы пайдалануға берілді. Дайындық деңгейі 90%-ға жеткен. Бу-газ қондырғысын іске қосу қаладағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, сонымен қатар жаңа өндірістік нысандар мен тұрғын үй алаптарын сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қора өзеніндегі Корин ГЭС-3 су электр стансасына 10,2 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған. Осы су электр стансасының пайдалануға берілуімен өңірдегі «жасыл» электр энергиясын өндіру көлемі жылына 95 млн кВт·сағатқа артты, ал облыс бойынша өсім 22%-дан асты. Жалпы, Жетісу облысында 19 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді.
«Таза Қазақстан» жалпы ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан абаттандыру жобалары да назардан тыс қалмады. Көп пәтерлі тұрғын үй қорын жаңғырту, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы «Жеңіс» саябағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары таныстырылды. Өткен жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 13 саябақ, 6 аллея, 2 сквер, 2 орталық алаң, 49 аула, 81 балалар және спорт алаңы абаттандырылған.
Жетісу аграрлық бағыттағы өңір болғандықтан, өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 519,7 млрд теңгеге, ал қайта өңдеу көлемі 110 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 68,1 млрд теңге қарастырылған, жалпы егіс алқабы 514,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Оның ішінде өңір үшін басым дақыл – қант қызылшасының егіс көлемі 13,5 мың гектар.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ескелді ауданындағы «НАМ» шаруа қожалығының егіс алқаптарына барып, жер асты тамшылатып суару жүйесінің жұмысымен танысты. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында шаруашылық алқаптарында заманауи испандық технология негізінде автоматтандырылған жер асты тамшылатып суару жүйесі енгізілген.
Жалпы соңғы төрт жылда Жетісу облысында заманауи суару технологиялары қолданылатын алқап көлемі 4,6 есеге, яғни шамамен 34 мың гектарға ұлғайды. Қазіргі уақытта ылғал үнемдеу технологиялары өңірдегі суармалы жерлердің 20,5%-ында қолданылып отыр.
Жетісу облысына жұмыс сапарының екінші күні өнеркәсіп және энергетика салаларының нысандарын аралаумен, алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерумен жалғасты.
Талдықорған қаласында жылына 150 мың текше метр автоклавты газбетон блоктарын өндіретін зауыт өткен жылдың маусым айында іске қосылған болатын. Жобаға салынған инвестиция көлемі 2,5 млрд теңге, 30 жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда кәсіпорын толық өндірістік қуатына шықты. Айта кету керек, кәсіпорындағы өндірістік процесс толық автоматтандырылған.
Жұмыс сапары барысында энергетика саласын дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылып, Талдықорған қаласындағы «Басқуат» орталық қазандығының маңында салынып жатқан газтурбиналық станция құрылысы таныстырылды.
Облыс орталығында жылумен жабдықтау жүйесін табиғи газға кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүргізілуде. Ал көмірмен жұмыс істейтін «Басқуат» қазандығы резервтік жылу көзі ретінде сақталады. Қабылданып жатқан шаралар экологиялық ахуалды жақсартуға да оң әсерін тигізеді.
Жылумен сапалы әрі үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында бюджет қаражаты есебінен Талдықорған қаласында қуаттылығы сағатына 49 Гкал болатын кварталдық қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Жоба іске асырылғаннан кейін шамамен 120 көп пәтерлі тұрғын үй, әлеуметтік саланың 17 нысаны және 20 мыңға жуық тұрғын тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі, жобаны пайдалануға беру осы жылдың қараша айына жоспарланған.
Айта кету керек, Жетісу облысы «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру, оның ішінде 2026–2027 жылдарға арналған жобалар пулын қалыптастыру бойынша көшбасшы өңірлердің қатарына кіреді. Жалпы, аталған ұлттық жобаны іске асыруға осы екі жылда өңірде шамамен 79 млрд теңге инвестиция бағытталады. Осы қаражат есебінен екі жылдың қорытындысы бойынша 1156,2 шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады, сондай-ақ 83,6 мың есепке алу құралы орнатылады. Инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 19%-ға төмендейді деп күтілуде.
Сапар барысында әлеуметтік маңызы бар нысандар мен тұрғын үй құрылысына да ерекше назар аударылды. 2022 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен Талдықорған қаласында 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысы басталған болатын. Өрт сөндіру депосының боксын аралау кезінде орындалған құрылыс-монтаж жұмыстарының нәтижелері таныстырылды. Нысан толық дайын және алдағы күндері пайдалануға беріледі. Бұл қаланың оңтүстік-батыс бөлігін, сондай-ақ адам көп жиналатын бірқатар нысанды өрттен қорғауға мүмкіндік береді.
Бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхананың құрылыс барысы да тексерілді. Нысанның дайындығы 84% және ол қыркүйек айында іске қосылады. Пайдалануға берілгеннен кейін қолданыстағы нысанға түсетін жүктеме азайып, жаңа медициналық нысан 50 мың тұрғынға қызмет көрсетеді.
Әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға арналған тұрғын үйлер бой көтерген «Жастар-3» шағын ауданына 790 жеке тұрғын үй салу көзделген. Оның ішінде 2024–2025 жылдары 309 үйдің құрылысы аяқталды. Биыл 350 үйдің құрылысы жүргізілуде, оларды сатып алу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар өңірдің жол инфрақұрылымын дамыту туралы да баяндалды. Осы аумақтан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 100%-ға, ал облыстық маңызы бар жолдар бойынша 96%-ға жетті.
«Сапар соңында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, инвестиция тарту, алдағы жылу маусымына дайындыққа қатысты тапсырмалар берілді. Тұрақты жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы іске асырып, әлеуметтік нысандарды пайдалануға беруде жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымдар ескеруі тиіс жайттарға тоқталдық», – деп жазды Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарын қорытындылай келіп.

USD




