ҚОНАЕВ. 10 қазан. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысында Президенттің жол-көлік инфрақұрылымы сапасы бойынша берген тапсырмасының орындалуын тексерді. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бірінші вице-премьер Алматы облысына жұмыс сапары аясында Кеген және Райымбек аудандарының жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарын барып көрді, Қонаев қаласындағы әкімшілік нысандардың құрылысына аялдады.
Сапар басы Кеген ауданындағы «Кеген» өткізу пунктіне барып, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Бұдан әрі екі аудан арасын жалғайтын автомобиль жолын жөндеудің жайына қанығып, қойылып отырған талаптарды қатаң сақтауды, жол жабынының сапасын бақылауды және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді.
«Мемлекет басшысы жол құрылысының сапасын бағалау жүйесін қайта қарау және құрылыстың барлық кезеңінде бақылауды күшейту туралы тапсырма бергені белгілі. Алдағы уақытта жол сапасы жекелеген нысандарды тексерумен ғана шектелмейді, жобалау, салу, жөндеу және пайдалану кезеңдерінің барлығында бағалаудың нақты әрі бірізді тәсілдері қолданылады», – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Бүгінде бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы, жолдардың барлық сапа стандарттарына сәйкес келуі Үкіметтің қатаң бақылауында. Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс кестесін сақтау, инженерлік желілердің дайындығын қамтамасыз ету және техникалық қадағалауды күшейту жөнінде тапсырма берді.
«Бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау, нысандарды құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарына сай пайдалануға беру басты назарда болуы тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

USD




