АҚТӨБЕ. 4 тамыз. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев бүгін таңертең Ақтөбе теміржол вокзалында жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстарының жайына жан-жақты қанықты. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Өткен түнде Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен осы өңірге ұшып келді.
Хабарланғандай, Ақтөбе қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу кезеңіне жеткен. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы 95 пайызға барып тұр екен.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі таңда елімізде 124 вокзалды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Оның негізгі мақсаты – көлік инфрақұрылымын заман талабына сай жаңартып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, қауіпсіз әрі жайлы жағдай қалыптастыру. Ақтөбе қаласының теміржол вокзалы – осы бағдарлама аясында жаңартылып жатқан маңызды нысандардың бірі.
Нұрлыбек Нәлібаев облыста басталған жұмыс сапары барысында вокзалда атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Қазірге дейін вокзал ғимараты толық жаңғыртылып біткен. Енді оның ішкі бөлмелері қайта жабдықталу үстінде. Бұған қоса, зәулім үйдегі инженерлік желілер ауыстырылып, перрон мен вокзал маңы абаттандырылуда.
«Бүгінде ғимараттың іргетасы, қаңқасы, шатыры және қасбеті толық аяқталған. Қазір ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді орнату, перронды ретке келтіру және аумақты көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын 20 тамызға дейін толық аяқталуы тиіс.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жауапты мекеме басшыларына құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын тұрақты бақылауда ұстауды да міндеттеді.
Ол сонымен қатар вокзал алдындағы алаң мен перронды аралап, жаңартылған нысанның айналасындағы аумақты да кешенді түрде ретке келтіру қажеттігін айтты. Вокзал маңындағы ғимараттардың сыртқы келбетін біріздендіріп, аумақты толық абаттандыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Оның сөзінше, жаңартылған вокзал тек ішкі жайлылығымен ғана емес, сыртқы сәулеттік келбетімен де қазіргі заман талаптарына сай болуы тиіс.
Жалпы, Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Жем, Алға, Шұбарқұдық және Қарауылкелді станцияларындағы вокзалдар кезең-кезеңімен осы кезеңнен өтуде. Қазіргі уақытта Шалқар мен Шұбарқұдық вокзалдарындағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қалған нысандарда жұмыстар жалғасып жатыр. Жобалардың жалпы құны 10,5 миллиард теңгеден асады.
«Вокзалдар – өңірдің келбетін айқындайтын маңызды нысандар. Сондықтан оларды заманауи талаптарға сай жаңғырту тұрғындардың жайлылығын арттырып қана қоймай, өңірдің көлік әлеуетін де күшейтеді. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін облыс тұрғындары мен қонақтары сапалы қызмет көрсететін, қолайлы әрі заманауи вокзалдарды пайдалана алады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев өзінің сөзінде.
USD




