ГУЙЯН. 21 маусым. Бүгін финалдық жекпе-жектері басталған бокстан Әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстанның үш атлеті – Назым Қызайбай, Виктория Графеева және Абылайхан Жүсіпов алтын медальге қол жеткізді. Бұл туралы Olimpik.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Турнир Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатыр.
Финалға жалпы бес жерлесіміз шықты.
Қазақстан құрамасына сайыстағы алғашқы алтын медальді 54 келіге дейінгі салмақтағы Назым Қызайбай (суретте) әкелді. Әлемнің үш дүркін чемпионы финалда итальян қызы Сирин Чараабиді талассыз ұтты. Бұдан кейін шаршы алаңға көтерілген 60 келіге дейінгі салмақтағы Виктория Графеева шешуші жекпе-жекте тайбейлік Олимпиада чемпионы Юй-Тин Лиді тізе бүктірді. Вика – 2024 жылғы Азия чемпионы, 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ол осымен Әлем кубогын үшінші мәрте жеңіп алып отыр.
Бұлардың соңын ала жігіттерімізге де кезек келді. Онда 70 келіге дейінгі салмақтағы Абылайхан Жүсіпов үндістандық Дипак Дипакпен қолғап түйістірді. Нәтижесінде біздің оғлан озып шықты. Әлемнің 2025 жылғы чемпионы, 2017, 2019 және 2021 жылғы қола жүлдегері, Азияның 2017 жылғы күміс жүлдегері бұл жолы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен қарсыласынан басым түсті.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынындағы алтын медаль саны үшеуге жетті.
Бұған дейін Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) қола жүлдегер атанған болатын.
Айта кетейік, бүгін тағы Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) есімді боксшыларымыз шаршы алаңға шығып, жеңімпаздық тұғыр үшін күш сыанасады.
USD




