АСТАНА. 20 маусым. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Мәскеуге жиі барғыштап жүрген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бәрін күтуге болатынын білдірді. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Путин мен Назарбаев бір әрекеттерге баруы мүмкін, оны жоққа шығармау керек», – деді депутат.
Мәжілісші «БапТаймсқа» берген сұхбатында елде қолға алынып жатқан реформалардың тұралап қалуына мүдделі болып отырған элита мүшелері бар екенін айтты. Ол мұның артында қаржылық топтардың тұрғанына сілтеме жасады.
Депутат елде реформалар жүргізуге кімдер қарсы болып отырғанын айтты.
«Біз әділ, жаңа Қазақстан орнатамыз деп келдік қой. Президенттің өзінің де Қаңтардан кейін айтқан сөзі бар. Менің әлі күнге дейін жадымда. Маңғыстаудағы халықты сол сөзбен тоқтаттық, сол сөзге көндірдік. «Мен бәрін жөндеймін, мен бәрін өзгертемін» деді Тоқаев мырза 5 қаңтар күні. Жігіттерге «Президент айтып жатыр, енді ел жөнделеді, алаңнан кетіңдер» дедік. Сол сөзге сеніп, Парламентке келдік. Сол сөзге сенеміз, соны жүргіземіз. Ол кезде Парламентте болдым. Елдің ортасында жүрдік», – деді Еділ Жаңбыршин.
Алайда арада үш жыл өткенімен, реформа тереңдеп алға тартып кете алмады. Депутаттың ойынша, бұған қаржылық топтар кедергі келтіріп бағуда. Олар елдегі саясатқа да, кадр мәселесіне де араласып отыр. «Сондықтан заңды өзгертеміз, бәрін реттейміз деп күшімізді салып жатырмыз. Халықтың игілігіне, мемлекеттің мүддесіне қажет мәселелер көтерген кезде шабуылдар басталады. Себебі өздерінің май шелпектерінен айырылып қалады. Бөліскісі келмейді, баяғыша тонай бергісі, өркеш майды жей бергісі келеді. Олай болмайды. 20 миллион халықтың жағдайын жасауға Қазақстанның байлығы жетеді, бірақ оны дұрыс басқару, дұрыс жұмыс істеу керек», – деді ол сұхбатында.
Бұған дейін депутат Абзал Құспан Қазақстанның пайдалы қазбаларын игеру саясатына қатысты «былтырдан бері Тимур Адилов бастаған Үкіметтегі лоббистермен қызу айтыс-тартыс жағдайындамыз. Қауіп әлі сейілген жоқ» деген еді.
Енді Еділ Жаңбыршин осы күрес турасында өз пікірін ортаға салды.
«Біздің бүкіл қазба байлығымызды ашық-шашық тастағысы келетін сондай адамдар. «Инвестор келуі керек, оған жағдай жасауымыз керек» дейді. Инвестор келсін, біз оған қарсы емеспіз, бірақ мемлекет деген мүдде бар ғой. …Лоббистер 2018 жылы жер қойнауы туралы кодексті өзгерткен. Ол жерден кешенді және рационалды қазба байлықтарды игеру деген мәселені алып тастайды. Бұл – бір. Екіншіден, бүкіл қазба байлық мемлекеттің есебінде тұрады, себебі стратегиялық, мемлекеттік ресурс: алтын, күміс, мыс, мырыш – бәрі. Бұлар алады да 2024 жылы «Пайдалы қазба қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияны жоқ қыламыз» дейді. Ол сол арқылы бекітіледі. CRIRSCO деген халықаралық стандартқа өтеміз дейді, ол – үкіметтік емес ұйым. Депутаттардың ұстанымы: мемлекеттік бақылауды әлемдік тәжірибеге қарап отырып қалдырамыз, иә, жаңғырту керек, сыбайлас жемқорлық қаупін азайту қажет. Екінші мәселе – CRIRSCO-ны әрі қарай дамытуымыз керек. KazRC деген стандартын кіргізген. Оны енгізгендегі мақсаты не? Біздегі бай кен орындарын алып кетіп, кедей кен орындарын қалдырып кеткісі келеді», – деді Жаңбыршин.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Үкіметте де, Парламентте де екі жақта жүретіндер, сатқындар бар.
«Мемлекеттің дамуына мүдделі, Президенттің жасап отырған реформаларын қолдағысы келетін адам – біздің баррикада жағындағы адам. Ал оған кедергі келтіретіннің бәрі баррикаданың екінші жағында деп есептеймін. Адам бір жақты таңдауы керек. Екі орындықта отырмауы керек, екі орындықта отырған адам – өте сатқын адам. Ондайлар Үкіметте де, Парламентте де бар, біресе мына жаққа шығады, біресе мына жаққа шығады, екі ортада жүгіріп жүр. Сен анықта, не Президент Тоқаевпен бірге бол, соның реформасын соңына дейін қолда, не мына жаққа шық. Қайсы жеңеді деп тұрған – ең қауіпті адам. Себебі жау екенін білмейсің. Кез келген уақытта артыңнан пышақ салып кетеді», – деді ол.
Сондай-ақ, депутат жуырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльге жиі барып тұратынына қатысты сыр суыртпақтатты.
«Ол – зейнеткер, қайда барамын, кіммен кездесемін дейді – жеке шаруасы. Араларында болған жоқпыз, суретін көрдік, барғаны шын. Әртүрлі мәселе талқылануы мүмкін, ақсақалдың Путинмен не әңгіме айтып жүргенін білмейміз. Бірақ, менің ойымша, – құқық қорғау органдары бар, арнайы органдар бар, Президенттің ұстанымы бар, – бәріне де сақ болуымыз керек. Ол кісіге барма деп те ешкім айта алмайды, Конституциялық құқығы ғой. Ал олар бір әрекеттерге баруы мүмкін, мұны жоққа шығаруға болмайды. Ол кісі барып, төңкеріс ұйымдастырып жүр деуден аулақпын. Оған бара қоймайтын шығар, жасы да біразға келді. Бірақ қанша дегенмен сақ болуымыз керек. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген қазақтың сөзі бар. Барсын, бармасын, біз сақ болуымыз керек», – деді ол.
USD




