АСТАНА. 21 тамыз. Денсаулық сақтау министрлігінде қолға алынған цифрлық трансформациялау үдерісі оң нәтижелерге қол жеткіздіре бастады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялауды жалғастыруда. Жаңа шешімдер медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, дәрігерлерге жүктемені азайтуға және саладағы бақылауды күшейтуге бағытталған», – делінген баспасөз парақшасында.
Қолға алынған осы шапағатты шаралардың арқасында мед️ицина қызметкерлері жүктемелері 30-40%-ға төмендеді. Бірыңғай цифрлық контурда 21,3 мыңнан астам медициналық ұйым, 275 мың медицина қызметкері және 141 мың бірлік медициналық техника туралы деректер жинақталған. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы деректерді қолмен енгізуді азайтуға мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтаудағы мемлекеттік қызметтердің 88%-ы электронды түрде көрсетіледі. 2025 жылы 215 миллионнан астам мемлекеттік қызметтің 190,8 миллионы электрондық форматта ұсынылды, 8,5 миллионнан астам электрондық медициналық анықтама берілді, 5,6 млн адам дәрігерге онлайн-жазылуды пайдаланды.
11 миллионнан астам әйелдер мен балалар денсаулықтың цифрлық мониторингімен қамтылған. Цифрлық бақылау жүйесінде шамамен 7 миллион бала мен 4,3 миллион әйел бар. Динамикалық бақылауға тағы 3,6 млн пациент енгізілген.
Цифрлық таңбалау заңсыз саудадағы 21 мыңнан астам дәрі-дәрмекті анықтауға көмектесті. Таңбалау кодтары препараттардың қалдықтары мен қозғалысын онлайн бақылауға, олардың қозғалысын қадағалауға, ауытқуларды анықтауға және заңсыз есептен шығарудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Цифрлық бақылау 10,6 млрд теңге болатын негізсіз медициналық қызметтердің алдын алуға көмектесті. Цифрлық сәйкестендіру 1 950 медициналық ұйымда енгізілді, қабылдаулардың 73%-ға жуығы Face ID және электрондық құжаттарды пайдалана отырып өтеді.
1,9 мыңнан астам медициналық ұйым Бірыңғай мемлекеттік жүйеде біріктіріледі.
Келесі кезең – дәрігерлер мен AI-ассистент үшін бірыңғай жұмыс интерфейсі бар бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске қосу. Денсаулық сақтауды цифрландыру жекелеген сервистерден деректерге негізделген бірыңғай басқару жүйесіне көшеді. Медициналық көмек алудың барлық кезеңдерінде пациентті сүйемелдейтін шешімдерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру медицина қызметкерлеріне жүктемені азайтады және қызметтерді азаматтар үшін ыңғайлы етеді.
USD




