Білім – ұлттың ертеңін айқындайтын мәңгілік құндылық. Осы ұлы мұратты өз жолының темірқазығына айналдырған Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жөлек ауылындағы №152 орта мектеп – ғасырдан ғасырға жалғасқан тағылымды тарихы бар, ауыл өмірінің рухани өзегіне айналған іргелі білім ордасы.
Ауыл орталығында орналасқан орта мектеп – аудан көлемінде алғаш бой көтерген оқу орындарының бірі. Оның тарихы 1883 жылдан бастау алады. Сол кезеңде екі кластық, бұратана балаларын оқытатын түземдік мектеп ретінде ашылған бұл шаңырақ уақыт талабына сай дамып, 1912 жылы Бабабек Есеновтың басшылығымен төрт жылдық орыс-түземдік училище болып қайта құрылды. 1937 жылдың 20 тамызында қазақ және орыс балаларына білім берген Жөлек жетіжылдық орталау мектебі ретінде ресми түрде ашылып, 1938 жылдан бастап Қызылорда облысы, Шиелі ауданының қарамағына өтті.
Алғашқы оқу жылдарында Жөлек, Ащықұдық, Жуантөбе, Ақтоған, Қызылдихан елді мекендерінен келген 480-ге жуық оқушыны біліммен қамтыды. Мектептің алғашқы директоры Нұрмахан Әбілов оқу ордасының іргесін берік қалап, білім беру ісін жүйелеуге зор үлес қосты. 1939–1940 оқу жылында мектеп облыс көлемінде білім сапасы бойынша үшінші орын иеленсе, 1940–1941 оқу жылында бірінші орынға көтеріліп, республикалық мектептер көрмесіне жолдама алды.
Алайда соғыс жылдары бұл көрменің өтуіне мүмкіндік бермеді. Уақыт өте келе мектеп мәртебесі де кеңейе түсті. 1953 жылы сегізжылдық, 1967 жылы толық орта мектепке айналды. Алғашқы түлектерін 1968–1969 оқу жылында үлкен өмірге қанат қақтырып шығарды. 1972–1973 оқу жылынан бастап қазақ орта мектебі ретінде жұмысын жалғастырды. 1976 жылы пайдалануға берілген қазіргі екі қабатты ғимарат – бірнеше буынның білім мен тәрбие алған қасиетті ордасына айналды.
Әр жылдары мектеп тізгінін Мақұлбек Рүстемов, Өмірзақ Исаханов, Халықбек Әлтай, Қайрат Мұсаев, Ержан Дүйсенов сынды білікті азаматтар ұстады. 2023 жылдан бері мектеп директоры қызметін Ғалымжан Әлтаев абыроймен атқарып келеді.
Бүгінде №152 орта мектеп – заманауи талаптарға сай дамып келе жатқан, жетістігімен танылған білім ұясы. Мектепте 53 педагог еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – жоғары білімді, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар. Педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор санатындағы ұстаздар оқыту сапасын арттыруға тұрақты түрде үлес қосуда. 2024–2025 оқу жылында барлық пән мұғалімдері біліктілік арттыру курстарынан толық өтті. 2025–2026 оқу жылында мектепте 272 оқушы екі ауысымда білім алуда. Оның ішінде бастауыш сыныптарда – 89, негізгі буында – 134, жоғары сыныптарда – 46 оқушы қамтылған. Мектепалды даярлық тобында 25 бүлдіршін тәрбиеленуде. Білім беру сапасын арттыру мақсатында химия, биология, физика кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. 22 оқу кабинеті, 5 зертхана, оқу шеберханасы, спорт залы, асхана, медициналық пункт оқушылардың жан-жақты дамуына қызмет етуде.
Соңғы жылдары оқушы парталары толық жаңартылып, мектеп 149 компьютермен, интерактивті тақталармен, планшеттермен қамтамасыз етілді. Қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау жүйесі орнатылған. Мектеп түлектерінің білім көрсеткіші де жоғары. 2024–2025 оқу жылында мектепті 21 оқушы бітіріп, барлығы да оқумен қамтылды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан түлектердің орташа көрсеткіші – 80 пайыз. Үш оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, он бір түлек мемлекеттік білім грантына ие болды.
Соңғы үш жылда мектептен 13 «Алтын белгі» иегері түлеп ұшты. Оқушылар аудандық және республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен түрлі зияткерлік байқауларда мектеп абыройын асқақтатып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, Айтілек Мейрамбек, Еңлік Дүйсебай, Олжас Қанатұлы, Жасмин Дарханбек, Еркеназ Байтұрсынова, Айзере Әбілқасым, Анель Мархаева, Ақтолқын Серікова, Жания Сейтхан, Інжу Ғалымқызы, Алмагүл Балғабаева сынды талапты шәкірттер пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар иеленіп, білім ордасының мерейін үстем етті.
Мектеп ұжымы – білім ордасының жүрегі, ал сол жүректің соғысы тынымсыз еңбектен бастау алады. №152 орта мектептің педагогикалық ұжымы өз ісіне адал, жаңашылдықты серік еткен тәжірибелі де талапшыл мамандардан құралған. Әрбір ұстаз шәкірт жүрегіне білім дәнін себуді азаматтық борышы санайды. Ұжымда өзара сыйластық пен кәсіби бірлік берік қалыптасқан.
Ұстаздар қауымы оқушының қабілетін ашуға, таланты мен талабын ұштауға айрықша мән береді. Сабақ беру барысында заман талабына сай әдіс-тәсілдер тиімді қолданылып, білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіледі. Мектеп мұғалімдері аудандық, облыстық деңгейдегі іс-шараларда белсенділік танытып, кәсіби шеберлігін үнемі шыңдап келеді. Бір мақсат, бір мүдде жолында жұмылған мектеп ұжымы жетістікке жетудің жарқын үлгісін көрсетіп, болашаққа сеніммен қадам басып келеді.
Қасиетті білім ұясы – өткенін қастерлеп, бүгінін кемелдендіріп, болашаққа нық қадам басқан білім ордасы. Бұл шаңырақтан түлеп ұшқан әрбір шәкірт – ел ертеңінің жарқын кепілі.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы
USD


