АСТАНА. 24 қыркүйек. Қазақстан Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінің акваториясында орын алған қайғылы оқиғаны, онда 9 әскери қызметкердің су астына кеткендерін растады. Бұл туралы Lada.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Министрлік таратқан хабарламада айтылғандай, 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізіп, Каспий теңізі жағалауында оқу-ұрыс қимылдары міндеттерін орындап жатқан кездерінде ауа райы бұзылып, желдің күшейіп кетуіне байланысты метеорологиялық жағдай күрт нашарлаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, сол сұрапыл сойқанның сапырылысында теңізге 19 әскери қызметші құлап кеткен. Қазіргі уақытта олардың тоғызы қаза болғаны белгілі.
Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылған.
Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірген.
Премьер-министр Олжас Бектенов Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
USD




