Әлем чемпионатын Минскіден басқа жерге көшіру талап етілді
МИНСК. 10 қаңтар. 2021 жылы хоккейден Минск мен Ригада өтуге тиісті әлем чемпионатын басқа жаққа ауыстыру жайлы мәселе көтеріліп жатыр. Бұл туралы «БелПАН» хабарлады.
Аталмыш мәселе жақында чемпионатқа құрама командалары қатысатын Германия, Дания, Норвегия, Финляндия, Чехия, Швеция және чемпионатты ұйымдастырушы Латвия елдерінің саясаткерлері мен спорт функционерлері арасында талқыға түседі.
Осыған байланысты Дания хоккей одағының директоры Ульрик Ларсен «DK Sporten» газетіне берген сұхбатында: «Біз өз еліміздің құрама командасының Минскіде ойнағанын қаламаймыз. Біз чемпионаттың басқа елде өткенін қалаймыз», – деді. Ларсен бірнеше ойыншының Минскіге барғылары келмей отырғанын да айтты.
Дат хоккейі басшысының айтуынша, Беларусьтегі чемпионатқа тек Дания ғана бармай қалса, ыңғайсыз жағдай туады. «Бірақ мен мұндай көзқарасты солтүстіктегі төрт елдің (Дания, Норвегия, Финляндия, Швеция) түгел ұстанып отырғанына сенімдімін», – деді ол.
Финляндия премьер-министрі Санна Марин «Yle Radio»-ға 3 қаңтар күні берген сұхбатында адам құқығы қатты тапталып отырған елде әлем чемпионатын өткізуге болмайтынын ашып айтты.