Пашинян армян халқының тіршілігіне қауіп төнгенін мәлімдеді
ЕРЕВАН. 29 қыркүйек. Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы жанжалдың шиеленісуі салдарынан армян халқының өмір сүруіне қатер төне бастағанын айтты.
Хай елінің басшысы мұны «Россия-1» телеарнасына берген сұхбатында білдірді.
«Біз армяндарға қарсы жарияланған соғысты халқымызға төнген қатерлі қауіп ретінде қабылдаймыз, сондықтан өзімізді өзіміз қорғауға мәжбүрміз», – деді ол.
Премьер Ереван мен Қарабақтың әрекеттері Бакы тарапынан жасалған агрессияға берілген жауап екенін атап өтті.
«Әзербайжан Таулы Қарабаққа басқыншылық жорығын шұғыл тоқтатуға тиіс, себебі, оны Әзербайжан бастады, бұл – алдын ала жоспарланған операция», – деп бағалады ол.
Пашинянның айтуынша, Бакы мен Анкараның таяуда өткізген бірлескен әскери жаттығулары кезінде іс-қимыл жоспарын талдап алғандарына «еш күмән жоқ». Премьер әлем қауымдастығын олардың әрекетін айыптауға шақырып, Түркиядан «аймақтан шығып кетуді» талап ету керектігін, оның Оңтүстік Кавказда болуы «ешқандай жақсылық әкелмейтінін» әңгімеледі.
Пашинян түрік жағының бұл шиеленіске «іс жүзінде қатысып» отырғанын атап өтті.
«Біздің сенімді ақпарат көздеріміз бойынша, әскери нұсқаушылар мен жоғары лауазымды әскерилер қазір Әзербайжан елді мекендерінде жүр, кей жерлерде олар ұрыс қимылдарына да басшылық жасайды», – деді ол.