Қызылордада көп қабатты үйдің шатыры отқа оранды
ҚЫЗЫЛОРДА. 13 маусым. Қызылордада көп қабатты үйдің күл-қоқыс пен матрасқа толтырылып тасталған шатыры өртенді. Бұл туралы ТЖ жөніндегі комитеттің баспасөз қызметіне сүйенген «ҚазТАГ» хабарлады.
Өрт «Ақмешіт» шағын ауданында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабаты үстіндегі шатырда болған. Онда электр шиті жанып, шатырдың асты отқа оранған. өрт болып жатқан кезде шатырға шығатын темір люктің аузы жабық тұрды. Себебі, ол дәнекер құралымен бекітіліп тасталған болып шықты.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері люкті кесіп алып тастау арқылы шатырға қарай жол ашты. Сол жерде гидравликалық құралдың көмегімен өртті сөндіруге көшті. Ал шатырда күл-қоқыстарға, тұрмыстық заттар қалдықтарына, ескі матрастарға, пластикалық бос ыдыстарға толы 195 шаршы метр аумақты от шалған.
Атап өтілгендей, ТЖ департаменті күштері жоғарғы қабаттағы пәтерлерден тепкішекпен сегіз 27 литрлік, бір 50 литрлік тұрмыстық газ баллондарын, 30 ересек адамды, 20 баланы сыртқа алып шыққан, 4-5 қабаттардан 6 ересек адамды, 13 баланы өрт сөндірушілердің автосатысының көмегімен құтқарған.
«Өрт 02.54 сағатта жойылды. Оның алдын ала анықталған себебі – электр шитінде орын алған қысқа тұйықталу. Үй электр қуатынан ажыратылды. Екінші кіреберістің тұрғындары туған-туыстарына жіберілді, полиция қызметкерлері кіреберіске күзет ұйымдастырды. Өрт орнында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің сегіз қызметкері, сондай-ақ Жедел жәрдем ауруханасы, Жол полициясы, «ҚазТранГаз» АҚ, «КРЭК» АҚ қызметкерлері жұмыс істеді», – делінген баспасөз парақшасында.
Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.