Футбол: «Ертіс» чемпионаттан шығып қалды
ПАВЛОДАР. 31 мамыр. Павлодардың «Ертіс» клубы чемпионатты жалғастырудан бас тартты. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) өзінің сайтында «Ертіс» командасының үндеуін жариялады.
«Алынған құжатта «Ертіс» футбол клубы қамқоршылар кеңесінің жалпы жиналысында клубтың қаржылай және спорттық міндеттерін орындау мүмкіндігі болмауына байланысты 2020 жылы Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысудан бас тартатыны туралы шешім қабылдағаны атап көрсетілген. Жоғарыда айтылған хабарлама негізінде «Ертіс» футбол клубы чемпионатқа қатысушылар құрамынан шығарылады», – делінген баспасөз парақшасында.
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы футбол чемпионаты регламентінің 4.18-тармағына сәйкес, егер клуб 22 матчтан аз ойын өткізіп (1 және 2-айналымдарды аяқтамай) чемпионаттан шығып қалатын болса, оның соған дейін кездесулерінің нәтижелері жойылады. Бұдан бөлек, «Ертістің» Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартуына байланысты оның жастар командасы екінші лига біріншілігіне қатыса алмайды.
Демек, «Ертістің» қатысуымен өткен ойындардың нәтижелері жойылады.
Осы кезге дейін команда биылғы чемпионатта бар-жоғы 2 матч өткізген болатын. Оның біріншісінде «Қайсардан» 0:1 есебімен ұтылса, екіншісінде «Қызылжармен» тең (1:1) ойнады. Сөйтіп, 2 ойыннан алған 1 ұпаймен 12 команда арасында 9-орында тұр еді.