Трамп: Ким Чен Ынның ауырып қалғаны – жалған
ВАШИНГТОН. 24 сәуір. АҚШ президенті Дональд Трамп әлем БАҚ-тарында жазылып жатқан КХДР лидері Ким Чен Ынның денсаулық жағдайы нашар деген ақпардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
«Мен оның денсаулық жағдайына байланысты қиындық көріп жатпағанына сенгім келеді, – деді Ақ үйдің қожайыны кеше, бейсенбі күні таңертең әкімшілік ғимаратында брифинг өткізген кезінде. – Мен [Ким Чен Ынның денсаулығы жайы туралы] хабар негізсіз деп ойлаймын. Желіде тараған хабарламалардың негізі жоқ. Мен бұл қауесеттің ақиқаттан алшақ екені жайлы мәлімет алып отырмын».
Президенттің сөзіне қарағанда, осындай хабарларды таратушы БАҚ-тар ескіріп кеткен ақпарды қайта шығарулары мүмкін.
CNN телеарнасы тілшісінің бұл мәселе бойынша Солтүстік Корея тарапымен байланыс болған-болмағаны жайлы сұрағына Трамп: «Мен олай демес едім. Қазір біздің КХДР-мен қарым-қатынасымыз жақсы, менің Ким Чен Ынмен сыйластығым да жақсы», – деп жауап қайтарды. «Мен мұны CNN таратқан жалған ақпар деп ойлаймын», – деді сосын Ақ үйдің басшысы. Осыдан кейін телеарна тілшісі бірнеше рет қайтарма сұрақ қоймақшы болып еді, Трамп оның әріптесіне ғана сөз берді.
Расында Ким Чен Ынның денсаулығы күрт нашарлап кеткені турасындағы қауесетті 20 сәуір күні CNN телекомпаниясы бірінші болып таратқан еді. Компания бұл ретте Америка әкімшілігіндегі мәнбесіне сілтеме жасап, Құрама Штаттардың барлау қызметі жүрекке жасалған хириругиялық операциядан кейін КХДР Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ким Чен Ынның денсаулық жағдайы нашарлап кеткенін жариялаған болатын. Бірақ мұны айғақтайтын бірде-бір дерек ұсына алмады. Бұған керісінше, сол кезде Оңтүстік Корея билігі өз кезегінде Ким Чен Ынның ауырып қалғаны жөнінде ешқандай дерек жоқ екенін мәлімдеді.