СЕМЕЙ. 21 қазан. Кеше Абай облысы Аягөз ауданындағы Ақтоғай металлургия кешенінің іргетасын қалауға арналған рәсім болды. Бұл туралы Абай облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда мен Ақтоғай арасында ұйымдастырылған телекөпір арқылы металлургиялық кешеннің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, ірі өндіріс орнының құрылысын бастауға рұқсат етті.
Абай облысының әкімі Берік Уәли тікелей эфир кезінде Президентпен байланысқа шығып, оған жасалып жатқан шара жөнінде баянат берді.

Ал «KAZ Minerals Management» басқармасының төрағасы Айжан Балабатырова Мемлекет басшысына: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Құрылысты бастауға рұқсат етіңіз», – деп тіл қатты.
Бұған Президент: «Рұқсат!», – деп қолма-қол жауап қайтарды.
Жиында аймақ басшысы сөз алып, жаңа өндіріс орны жөнінде анықтамалық мәлімет берді.
«Жалпы құны 800 млрд теңгені құрайтын бұл көптен күткен жоба өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосады. Ең бастысы, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 1 000-нан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жаңа мүмкіндіктер ашылады. Осындай стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаны қолдап, бүгінгі маңызды іс-шараға қатысқаныңыз үшін облыс жұртшылығы атынан Сізге шынайы алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәлиұлы өз сөзінде.
Жобаны KAZ Minerals тобы жүзеге асырады, ал қытайлық NFC компаниясы инженерлік серіктес ретінде әрекет етеді. Бастамаға шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция салынады, сондай-ақ оның аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
2030 жылы алғашқы мыс катодын алу жоспарланып отыр. Зауытта мыстан бөлек, алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер шығарылады.
Металлургиялық кешенді орналастыру үшін 2213 гектар жер учаскесі бөлінді. Жоба аясында облыста өндірілетін мыс шикізатын терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығару көзделген. Осылайша, кен өндіруден бастап оны өңдеу мен катодты мыс шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасады.
«Жаңа кәсіпорынның құрылысы жергілікті өндіріс орындарын кооперацияға тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, қосымша сервистік қызметтердің қалыптасуына мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Берік Уәлиұлы Уәли Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жылғы 17 ақпанда Абай облысының әкімі болып тағайындалды.
USD




