АЛМАТЫ. 6 қыркүйек. Алматылық педиатр дәрігерлер салмағы нәбәрі 740 грамм болып өмірге келген шарананы аман алып қалуға қол жеткізді. Бұл туралы 24KZ ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Алматы қаласының №2 қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері салмағы 740 грамм болып туған сәбидің өмірі үшін 80 күн бойы күресті. Шақалақ шұғыл тілік отасы арқылы дүниеге келген», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-арнадағы хабарламасында.
Жүктілік плацентаның ажырауымен және қан кетумен асқынған. Жүктіліктің 26 аптасында әр грамм мен әрбір тыныс алудың маңызы зор болды. Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап жаңа туған нәрестеге қарқынды медициналық көмек қажет етілді.
«Сәби 40 күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратында жатты. Одан кейін тағы екі аптаға жуық уақыт бойы мұрын арқылы СИПАП әдісімен тыныс алу қолдауын алды», – дейді Алматы қаласы №2 қалалық перинаталдық орталығының директоры Светлана Рахимова.
Жалпы алғанда, кішкентай пациент жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия бөлімінде 56 күн болған.
«Мұндай балалар үшін өздігінен тыныс алуға көшу, жағдайының тұрақтануы және үйге шығу – нағыз күрес. Әр күннің артында тәулік бойы бақылау, нәрестелерді күтіп-баптаудың заманауи әдістері және дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің орасан зор еңбегі тұр», – делінген Денсаудық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Сәби жағдайы жақсарғаннан кейін реанимация бөлімінен әрі қарай күтім жасау және оңалту үшін тиісті бөлімшеге ауыстырылған. Содан кейін көптен күткен күн де жетті. Өмірінің 80-тәулігінде сәби үйіне шығарылды. Салмағы небәрі 740 грамм болған кішкентай сәби өмірінің алғашқы ең күрделі кезеңдерінің бірінен өтіп, нағыз кішкентай жеңімпазға айналды.
«Бүгінде Қазақстан жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету бойынша Орталық Азияда жетекші орындардың бірін иеленеді. Дүниежүзілік банк, ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰ және IGME бірлескен есебінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы еліміздегі неонаталдық өлім деңгейі (өмірінің алғашқы 28 күніндегі өлім) 1000 жаңа туған нәрестеге шаққанда 3,04 жағдайды құрады. Бұл – өңірдегі ең үздік көрсеткіш және АҚШ көрсеткішіне жуық», – делінген министрлік хаьарламасында.
Айта кететін жайт, заманауи перинаталдық технологиялар мен медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігінің арқасында соңғы жылдары шала туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші төрт есеге артқан.
USD




