ҚОНАЕВ. 4 қыркүйек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бүгін, 4 қыркүйек күні Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Kazinform.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Бүгін Қазақстанда Үкімет толық қайта жасақталып болғаннан кейін әкімдерді де қайта тағайындау үдерісі басталды.
Мұның алдында Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылған болатын.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорданың баспасөз қызметінің жаңа хабарламасында.
Шыңғыс Сайранұлы Әрінов 1983 жылғы 29 қазанда Алматы облысында туған. Қазақстандық саясаткер, генерал-майор.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық қатынастар, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын құқықтану, Азаматтық авиация академиясын тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану мамандықтар бойынша бітірген.
Қызмет жолдары:
– 2006–2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кадрында әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдарда қызмет атқарды.
– 2022 жылы Президенттің Өкімімен Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.
– 2024 жылғы 6 ақпанда Қазақстан республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды.
– 2026 жылғы 3 қыркүйекте Олжас Бектенов Үкіметінің қайта жасақталуы барысында қызметінен босатылды.
Шыңғыс Әрінов ІІ, ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медалімен және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне 25 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ Президент Алғыс хаттарымен марапатталған.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр Алматы облысының мәслихаттары отырысына қатысқан. Жиында Роман Скляр депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысының әкімі лауазымына бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевты ұсыну туралы хатын оқыды.
Отырысқа 178 депутат қатысты. Олардың 83 пайызы ашық дауыс беру жолымен Шыңғыс Әріновтің кандидатурасын қолдады.
USD




