Біздіңше, не ұйымдастырушылар ақпараттық бос кеңістікте қалып қойған, не қазақ тілін өздері қасақана тұқыртып отыр. Екінің бірі. Мен мұның басқаша түсіндірмесін байқай алмай отырмын.
Біздің қоғам Тәуелсіздіктің барлық жылдары бойы мемлекеттік тілдің өзіне лайықты орнын алуы жолында күресіп келе жатыр. Соңғы он жылдың мұғдарында әлдеқандай бір компаниялардың қазақ тілін қатардан сызып тастаған айқай-шулы оқыс оқиғалары көп кездесіп тұрды, олардың бәрі сосын қоғам тарапынан заңды наразылықтарға тап келді, соңынан кешірім сұрауға мәжбүр болып, қателіктерін тез түзетіп жатты. Сондықтан Канье Уэстің Алматыдағы Орталық стадионда шоу-концертін ұйымдастырушылар бұл орайда «біз бұл жайлы ойланбаппыз» немесе «білмей қалдық» деген уәж айтып жатса, маған ол оншалықты түсінікті болып естілмес еді.
Айтайын дегеніміз: ұйымдастырушылар концерттің дәлелді себептермен бір күнге кейінге шегерілгені туралы ескерту таблоға жазылып шығып жатқанда, қазақ тілі мүлде мақұрым қалып қойды; ол талай тілде тіліктей болып жазылып, хабарланып жатты, бірақ соның ішінде – біздің елімізге тікелей қатыстары жоқ орыс, ағылшын және түрік тілдері – жарқырап жанып тұрғанда, орталарынан мемлекеттік тіліміз өзінің орнын таба алмай қалды. Маған мұны кездейсоқтық, техникалық қателік немесе орынсыз олқылық деп қабылдау өте-мөте қиынға соғады.
Себебі, мен үшін бұл тек мемлекеттік тілді көпшілік коммуникациясы жүйесінен қасақана, саналы байыппен шығарып тастау болып көрінеді. Мен бұған ақталуға себеп ретінде айтылатын мейлінше оңтайлы және тігісі жатық сөз орамдарын көре алмай да тұрмын. Мұны сол себепті қазақ тілі мен біздің мемлекеттік саясатымызды принципті түрде іске алғысыз етіп тастау үшін арнайылап жасалған қастандық әрекет деп бағалаймын.
Қазақстандағы қазақ тілі – қазақ тілді аудитория үшін берілген факультативтік нұсқа да, бонус та емес. Ол – біздің мемлекетіміздің жалғыз және бірден-бір мемлекеттік тілі. Ол – біздің байлығымыз, сүйікті ана тіліміз. Қазақ тілді ортада табыс табуды көздейтін бизнестің мұны түсінетін кезі келді.
Осы қиянпұрыс қастандық қылықтары үшін Канье концертін ұйымдастырушылар жауап беруге тиісті деп есептеймін.
Бақытжан БҰҚАРБАЙ,
АЛМАТЫ
15 тамыз, 2026
USD




