АСТАНА. 19 шілде. Белгілі продюсер әрі режиссер Баян Мақсатқызы Алагөзова Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешоваға уәде еткен пәтерін тапсырды. Бұл туралы tiek.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Продюсердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында осы сәт түсірілген видеороликті жариялады.
Видеода Баян Алагөзованың атақты актрисаны өзі сыйлап отырған жаңа пәтерге әкеліп, онымен кеңінен таныстырып жатқаны көрінеді. Осының барысында оның өнер қайраткері үшін өзі бұдан 2,5 ай уақыт бұрын уәде еткен пәтерді сатып алып бере салмай, оның ішіне күрделі жөндеу жүргізіп, өз дизайнымен безендіріп бергені, сондай-ақ ішін түгел қажетті жиһазбен толтырғаны байқалады.
Баян Мақсатқызы пәтердің бір бөлмесінің қабырғасына актрисаның «Қыз Жібек» фильміне түскен кезіндегі кадрдан алынған бейнесін арнайы тапсырыспен суретші Ботагөз Амандосқызы Ақанаеваға салдырған екен. Ол үйге ерекше ажар беріп тұр.
«Біз сіздің бірден келіп, тұра беретіндей үй дайындауға тырыстық. Дизайнын өзім ойластырдым. Барлығы жайлы әрі тыныш атмосферада болғанын қаладым. Өзіңіз жақсы көретін хрусталь шамдарды арнайы таңдадық, сүйікті суретшім Ботагөз Ақанаеваның картинасын алдырдым. Бұл пәтерді екі ай бойы дайындадық», – дейді продюсер.
Халық әртісі бұл сыйлыққа ризашылығын ақтарыла айтып, көзіне жас алғанын жасырмады.
«Сөзім жоқ! Екеуміз бір жердің тумасымыз ғой. Көп рақмет! Жылағым келіп тұр», – деді Меруерт Өтекешова.
Бұған қоса, Баян Алагөзова өнер иесіне тағы бір тосынсый жасап, оған Түркияға 10 күндік демалысқа барып қайту жолдамасын да сыйлаған болып шықты.
Меруерт Өтекешованың фильмде киген Қыз Жібектің қамзолынан басталған әңгіме осылай үлкен оқиғаларға алып барды.
Бұған куә болған әлеуметтік желіні пайдаланушылар Баян Алагөзоваға шексіз алғыстарын білдірді.
USD

