АЛМАТЫ. 6 маусым. Футболшы Дастан Сәтбаевтың Лондонның «Челсиіне» ауысар алдында «Қайраттағы» соңғы матчтарын қашан өткізетіні аян болды. Бұл туралы Kazinform.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Клубтың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, Дастан Сәтбаев «Қайрат» құрамындағы футболшылық мансабын оның өз алаңында «Атыраумен» және «Қызылжармен» өткізген матчтарында аяқтайды.
«Біздің түлегіміз үшін бұл кездесулер Лондонның «Челсиіне» ауысар алдындағы «Қайрат» сапындағы соңғы ойындар болады», – делінген хабарламада.
Бүгінде қазақ футболының жас жарық жұлдыздарының біріне айналып отырған Дастан Сәтбаев бұдан 10 жыл бұрын «Қайрат» командасының академиясына қабылданған екен.
«Ол осы уақыт ішінде негізгі команданың лидерлерінің біріне, клуб рекордшысына, қазіргі құрамның ең нәтижелі ойыншысына, жанкүйерлердің сүйіктісіне айналды. Енді оның сары-қаралар сапындағы жолы өз мәресіне жақындады», – деп баяндайды хабарлама.
Айта кетейік, «Қайрат» – «Атырау» матчы 13 маусымда, «Қайрат» – «Қызылжар» кездесуі 17 маусымда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Сөйтіп, соңғы ойында аталмыш спорт аренасында қызылжарлықтармен ұшырасудан кейін жас дарынмен қоштасу рәсімі орын алғалы тұр.
Тағы да еске сала кетейік, Дастан Сәтбаевтың бір жылдан кейін «Челсидің» құрамына қосылатынын 2025 жылдың ақпан айында «Қайрат» клубы ресми түрде хабарлаған болатын. Лондондықтар оны 2026 жылы 18-ге толғаннан кейін алып кететін болып келіскен.
Сондай-ақ осы трансфер үшін «Қайраттың» 4 миллион еуроға жуық қаржы және бұған қоса бонус алатыны айтылған.
USD




