Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Орыс тілінің қазақ тілімен тең деген мәртебесі алынып тасталады

АСТАНА. 9 ақпан. Қазақстан Конституциясының жаңа нұсқасында орыс тілінің қазақ тілімен тең қолданылатыны жөніндегі анықтама болмайды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Жаңа Конституция жобасында орыс тілінің қолданылу аясына қатысты өзгеріс енгізілгені белгілі болды. Оның жайын Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов баяндады.

«Жаңа Конституцияның 9-бабы нақтыланып, ондағы «тең» сөзі «қатар» деп ауыстырылды», – деді ол.

Нұрмұхановтың айтуынша, бұрынғы мәтін «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» болып өзгертілген. Ал осы кезге дейін қолданыста келшег Конституция мәтінінде 9-баптың 2-тармағында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», – деп жазылған.

Бұдан бірқатар уақыт бұрын, ақпанның 3-і күні Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл мәртебесін сақтайтынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын 1-бөлімнің 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілі нақты әрі тікелей көрсетілген. Осыған байланысты Мемлекеттік кеңесші елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар екенін атап өтті. Бірақ ондағы орыс тілінің ендігі статусы, рөлі туралы ләм-мим демеді.

«Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл мәселесі ешқандай күмән тудырмайтындай етіп айқын жазылған. Атап айтқанда, жаңа жобада «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі деп нақты белгіленген. Бізде мемлекеттік тіл біреу ғана. Ол – қазақ тілі. Өзге мемлекеттік тіл жоқ», – деген еді ол.

Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде қазақ тілінің мәртебесі берік екенін айта келіп, ең маңыздысы мемлекеттілікті сақтау мен ел бірлігі дегенге салмақ салды.

«Мемлекетіміз бар кезде қазақ тілі өз тұғырынан ешқашан түспейді. Сондықтан ең басты міндет – мемлекетті сақтау, оны қорғау және ең алдымен ел бірлігін ойлау», – деді мемлекеттік кеңесші.

Қазіргі күндері елімізде Конституцияның жаңа жобасы жан-жақты тадқылану үстінде. Жаңа жоба 11 бөлімнен, 95 баптан тұрады. Айтуларынша, бұрынғы Конституциядағы нормалардың шамамен 84 пайызы жаңартылғалы тұр.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button