Әйел-ұстаз образының эталоны

Бала жасынан мұғалім болуды мақсат етіп алдына қойған Қарлығаш Айғараева 1988 жылы Арал ауданына қарасты «Қамыстыбас» ауылындағы №21 орта мектепті бітірген бойда Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына химия факультеріне оқуға түсті. Ал 1993 жылы жоғары оқу орнын үздік аяқтаған ол өзі туып-өскен өлкеге, өзі оқыған мектепке жол тартты. Міне, содан бері өткен отыз жылдан астам уақыт бойы ол осы білім ұясында оқушыларға химия пәнінен сабақ беріп келеді.
Қарлығаш өзі оқушы кезінде балалардың «Химия – қиын, ашиды миың» деген егіз ұйқасты шумағын айтып жүретінін жақсы білетін еді. Бірақ өзі қанша қиын болса да, осы пәнді таңдады. Себебі, бұл сабақты айрықша жақсы көрді. Сондықтан 32 жыл бойы шәкірттеріне бұл пәннің адам баласы үшін айрықша кереке екенін барынша ыждағаттылықпен түсіндіріп келе жатыр. Қазіргі технология заманында химиясыз ешқандай ғылыми жаңалық ашылмайтынын да ұғындырып бағады.
Рас. химия – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, дәлдікті сүйетін ғылым. Элементтердің өзара әрекеттесуі, күрделі реакциялар мен формулалардың тілін табу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Алайда Қарлығаш мұғалім бұл пәнді құрғақ теория емес, өмірдің тірі бейнесі ретінде шәкірттеріне жеткізе білді. Оның зертханасында тек химиялық қоспалар ғана емес, балалардың білімге деген құштарлығы да шыңдалып, болашаққа деген сенімдері нығая түсті. Ол – өз ісінің нағыз шебері, әрбір шәкіртінің қабілетін тап басып танитын психолог және білікті педагог.
Қарлығаш Тұрсынқызының жетістігі тек кәсіби саламен ғана шектелмейді. Ол – «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аяулы ана. Бүгінде ол отбасында екі ұл мен үш қызды тәрбиелеп, оларды ізгілікке баулып отырған үлгілі жан. Мектептегі қауырт жұмыс пен үйдегі аналық міндетті қатар алып жүру үлкен жүректілікті қажет етеді. Оның өнегелі өмірі, сабырлы мінезі мен парасатты болмысы – қазіргі қоғамдағы әйел-ұстаз бейнесінің нағыз эталоны. Отыз жыл бойы шәкірттеріне химиялық заңдылықтармен бірге өмірдің әділеттілік, еңбекқорлық заңдарын да сіңіріп келе жатқан ұлағатты ұстаздың есімі мектеп тарихында алтын әріптермен жазылуға тиіс. Оның әрбір жетістігі – ел болашағына қосқан үлесі, әрбір шәкірті – оның еңбегінің жемісі. Аралдың айдынындай кең пейілді, химияның алтынындай бағалы ұстаздың ғұмыры ұзақ, мәртебесі әрдайым биік болғай.
Жансая НҰРҚОЖА
Қызылорда облысы,
Арал ауданы






