АСТАНА. 12 шілде. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Оқу-ағарту министрінің үстінен жазылған домалақ арыздан түк шықпайтынын айтты. Бұл туралы Ertenmedia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Депутат министр Жұлдыз Сүлейменованы қаралауға көшкен топтың түпкі мақсаттары қандай екені жөнінде өз болжамын білдірді.
Шынында Оқу-ағарту министрінің үстінен жазылған «ұжымдық хаттың» төңірегінде дау көбей көбейіп келеді.
Осы орайда Мұрат Әбенов «Ақордаға жолданды» делініп жүрген құжаттың Президент Әкімшілігіне түспегеніне назар аударып, мұның бәрі министрге қарсы ақпараттық шабуылдың бір парасы екенін алға тартады.
Оның айтуынша, Жұлдыз Сүлейменованың жұмысын сынау мен қоғамда қасақана теріс пікір туғызудың арасы жер мен көктей. Әлгі домалақ арызды кім жазғаны да әлі белгісіз екен. Сол сияқты оның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми түрде жолданғанын растайтын айғақ та жоқ көрінеді. Соған қарамастан, хат бір мезетте бірнеше блогер мен ақпарат құралының уысына түскен.
«Әзір ғана Президент Әкімшілігіне мұндай хат түспегені жөнінде ақпар алдым. Сонда Тоқаевқа жетпеген хат әлемжеліге қалай тарады?» – деп қайран қалады Мұрат Әбенов.
Депутат «хатқа қол қойды» делінген азаматтардың авторлықтан бастарын ала қашқанын да айтып отыр. Пайымынша, негізгі мақсат шағымды Президентке жеткізу емес, осылай ду-дабыр мен қауесетті өрттей өрбітіп жіберіп, министрді ел алдында масқаралау болуы әбден мүмкін.
Атышулы хатта Сүлейменованың бірқатар маманды қызметтен шеттеткені негізгі уәж ретінде көрсетілген. Әбенов бұған бола қара аспанды төндірудің қажеті жоқ деп есептейді.
«Осы салада миллионға жуық адам тер төгіп жүр. Соның 600 мыңы мектепте жұмыс істейді. Оған балабақша, колледж, қосымша білім беру орталығы мен түрлі мекеме қызметкерін қосқанда, жарты жыл ішінде 20-30 адамның ауысуы қалыпты дүние. Арасында министрдің талабына сай болмағандар да болуы мүмкін. Тізімдегі адамдардың бәрін шетінен қудалады деген дәлел жоқ», – деді депутат.
Бұдан әрі Мұрат Әбенов тізімде аты аталған бірнеше адаммен жеке-дара сөйлескенін да айтып өтеді. Сонда олардың көпшілігі ешкімге өкпесі жоқ екенін, қызметтен өз еркімен кеткенін жеткізген. Пікірінше, министрді хатпен қорқыту арқылы кейбіреулер бір орында жылдар бойы тапжылмай отырған кадрларға тиіспейтін жағдай орнатқысы келуі ықтимал.
Депутат министрліктегі ауыс-түйіске жеткілікті негіз бар деп есептейді. Соңғы жылдары білім саласында былық-шылық күрт көбейген. Президент Жұлдыз Сүлейменованы осы олқылықтың жолын кесу үшін арнайы тағайындаған.
Ауа жайылып кеткен жекеменшік мектептермен ымырасыз күрес жүргізіп, заңсыз лицензияның жолын кескен министр осы бизнеске орта жолдан қосылғандардың ызасына тиюі де ғажап емес.
«Жұлдыз ба, Жұлдыз еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, мектеп директорына дейін өскен, білім саласын бүге-шүгесіне дейін білетін тұлға. Ол қолға алып жатқан өзгерістер осы саланы сүлікше сорып келген кейбіреулердің құтын қашырып отыр. Әлгі ұжымдық хатқа осы тұрғыдан қарау керек», – дейді Әбенов соңында.
USD




