Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Қызылордада «Учаске» аясында пробациядағылар тексеріліп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. 8 қыркүйек. Қызылорда облысында «Учаске» жедел профилактикалық шарасы шеңберінде пробация есебіндегі тұлғаларды тексеру жүруде. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Республика көлемінде 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында жүріп жатқан дәстүрлі «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы Қызылорда облысында да қолға алынды. Ондағы басты мақсат аумақтық полиция инспекторларының халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуы, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және пробация есебіндегі тұлғаларды бақылауды күшейту болып отыр.

Шара шырқында Қызылорда қалалық және аудандық пробация қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, есепте тұрған сотталғандардың тұрғылықты мекенжайларын тексеріп, құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.

«Біз күнделікті есептегі тұлғаларды учаскелік полиция қызметкерлерімен бірге тексеріп, құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бұл – құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетігі», – деді қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары Гүлнұр Байсариева.

Шараның алғашқы аптасында 11 есептегі тұлғаға ескерту жасалып, 5 сотталғанның құжаттары бас бостандығынан айыру үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар 1 сотталғанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button