ҚЫЗЫЛОРДА. 9 қазан. Бүгін 168 қызылордалық отбасына Қала күніне орай жаңа пәтерлер кілттері табыс етілді, оларға 2 тұрғын үйден осынша жай бөлінді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған арналған мерекелік салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай дептутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Қазіргі таңда қаланың сол жағалауына 25 мыңнан астам тұрғын қоныстанған. Мұнда 136 көп қабатты тұрғын үй, 20 әлеуметтік және 13 ірі бизнес нысаны орналасқан. Осы күндері тағы 48 нысан салынып жатыр.
Аймақ басшысы екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда топырағында ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары тағдыршешті қадамдарға барып, болашаққа бағдар жасағанын атап өтті.
«Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Осындай игі шаралардың жалғасы ретінде бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге 12 мың шаршы метр болатын 168 пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстаймыз», – деді Мұрат Ергешбаев.
«Бүгін – Мемлекет басшысының қолдауымен баспаналы болып жатқан әрбір отбасы үшін айтулы күн. Меншікті үй – бұл тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа шаңырақтарыңыздың босағасы берік, іші береке мен мерекеге толсын! Әрбір отаудан бүлдіршіндердің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін! Қоныстарыңыз құтты, ел іргесі берік, болашағымыз баянды болсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы соңында.
Жиында тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Құрылтай депутаты Серік Қожаниязов, қоғам қайраткері Әріп Хожбанов құттықтау сөз сөйледі.
«Кейінгі төрт жылда өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7 625 пәтер беріліп, 30 мыңнан астам адам баспаналы болды. Биыл жыл соңына дейін тағы 1 950 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған», – делінген мәтбұғат қызметінің парақшасында.
Онда сондай-ақ қаланың сол жағалауының жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жақында Иса Тоқтыбаев көшесінен осы шағын ауданға өтетін төрт жолақты жаңа автомобиль көпірінің құрылысы басталғаны айтылған.

USD



