Путин енді Зеленськиймен жеке кездесуді талап ете бастады

МӘСКЕУ. 19 тамыз. Ресей диктаторы Владимир Путин Украина президенті Володимир Зеленськиймен тікелей келіссөздер жүргізуді, оған Дональд Трамптың қатыспауын талап етті. Бұл туралы Politico ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кремль көсемі Ақ үйдің қожайынына өзінің Украина басшысымен кездесуіне келуінің қажеті жоқ екенін жеткізді.
Басылымның хабарлауынша, Трамп оған және Зеленськийге болашақтағы ықтимал кездесу аясында қосылуды ұсынғанда, Путин: «Келудің қажеті жоқ. Мен оны бетпе-бет көргім келеді» деп қатты жауап берген. Осылайша РФ диктаторы АҚШ-ты келіссөздер үдерісінен ығыстыруға тырыса бастады.
Сонымен бірге Дональд Трамптың командасы Путин мен Зеленськийдің ықтимал кездесуіне дайындалуда, өйткені мұны да Уашингтон қолға алып жатыр. Бұл шаруаға АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф жауапты болып белгіленді.
The New York Times газеті бұған дейін Путин мен Трамптың келіссөздері кезінде ресейлік диктатор олардың келесі кездесуін Мәскеуде өткізуді ұсынғанын атап өтті. Оның жоспары бойынша, бұл Зеленськиймен екі жақты кездесу немесе Трамппен үш жақты формат болуы мүмкін еді, деп түсіндірді мәнбе. Алайда АҚШ президенті бұл идеяны сыпайы, бірақ батыл түрде жоққа шығарды. Еуропалық дипломаттар басылымға Мәскеудің бұл ұсынысы өздерінің алаңдаушылығын тудырғанын растады.






