Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Трамп Аляскаға Украина жерінің бір бөлігін РФ-ға бергізуге барады

УАШИНГТОН. 12 тамыз. АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада Ресей диктаторы Владимир Путинмен кездесуде Украина жерін саудаға салатын түрі бар. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ақ үйдің қожайыны Кремльдің көсемімен жүргізілетін келіссөзінде Украина мен Ресей арасында «территория алмасу» мәселесін көтеретінін әлден айтып қойды. Демек, ол Ресей оккупанттарының басып алған жерлері төңірегінде сөз қозғамақшы.

Трамп, өз айтуына қарағанда, Аляскада Путиннің «тамырын басып» көріп, одан Украинаның бірқатар жерлерін қайтарып беруге көндірмек көрінеді. Басқыншылықпен басып алынған жерлерін түгел қайтару жайы мүлде ауызға алынбайтын сияқты.

Дональд Трамп сонымен қатар Володимир Зеленськийді Аляскаға шақыруды жоспарлап отырмағанын да айтты. Ал Владимир Путинмен сөйлескеннен кейін бірден оған және еуропалық көшбасшыларға есеп бермекші.

«Бұл әңгіменің өзі нәтижесіз болуы мүмкін», деп те ескертті Трамп, бірақ ол Украина мен Ресей басшыларының келесі кездесуіне және оккупацияланған аумақтардың бір бөлігін Украинаға қайтаруға көмектесуге дайын-мыс.

«Мен Владимир Путинмен сөйлесемін және оған айтамын: бұл соғысты аяқтау керек, оны тоқтату керек деп», – деді Трамп дүйсенбі күні Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында Аляскада жұмаға жоспарланған кездесуге байланысты.

Ол кездесудің өзін «тамыр басу» деп атады. «Келіссөздің нәтижесін шығаратын мен емес. Мен қорытындыны екеуі шығаруы керек деп ойлаймын», – деді Трамп сосын Путин мен Зеленськийді ишаралай отырып.

Президент бұл шараға Украина басшысын шақыруды жоспарламайтынын, бірақ Зеленський мен Путиннің одан кейін кездесуі мүмкін екенін және қажет болған жағдайда олардың әңгімесіне делдал бола алатынын айтты. «Келесі кездесу Зеленський мен Путиннің немесе Зеленский, Путин және менің арамызда өтеді. Мен екі көшбасшының кездесуін ұйымдастырғым келеді», – деді Трамп.

Еуропа елдері, Германия канцлері Фридрих Мерц айтқандай, аумақтық мәселелерді шешуге «еуропалықтар мен украиндардың қатысуынсыз» шешуге болмайтынын талап етіп отыр.

Президент Трамптың пікірінше, «кейбір аумақтардың алмасуы» болуы мүмкін. «Біз шептерді, майдан шебін өзгертеміз. Ресей Украинаның үлкен бөлігін басып алды. Олар өте құнды аумақты басып алды. Біз бұл аумақтың бір бөлігін Украинаға қайтаруға тырысамыз», – деді Трамп.

Ал Трамптың елшісі Стив Уиткофф Путинмен соңғы кездесуінен кейін оның Донецк және Луганск облыстарының бүкіл аумағын Ресейге беруді талап еткенін ашық айтты. Херсон және Запорожье облыстарындағы басып алынған жерлерінің тағдыры қалай болатыны белгісіз. Bild басылымының хабарлауынша, Уиткофф Путинді қате түсініп, ол бұл жерлерді Донбасстың әлі басып алынбаған аудандарына айырбастауға дайын деп болжаған.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button