Қызылордалық сотталушы өзінің өткен ісіне өкінішін білдірді

ҚЫЗЫЛОРДА. 6 тамыз. Қызылордалық сотталған азамат өзінің қылмысты іске барып тұрғанын біле тұрып, одан бас тарта алмағанына қапа екенін айтты. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.ks хабарлайды.
«Қызылорда қаласында пробация қызметінің бақылауына алынған сотталған азаматқа электронды білезік тағылды. Ол есірткіге қатысты ауыр қылмыс жасап, 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда, жуырда сот қаулысына сәйкес, жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылды», – делінген хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес, жазаның 3 жыл 4 ай мерзімі енді пробация бақылауында өтелмек. Осыған орай сотталған азамат арнайы шектеулер мен талаптарды орындауға міндеттеліп, пробация қызметінің есебіне алынды.
Қоғамнан оқшаулаусыз жаза өтеу кезеңінде оның жүріс-тұрысын бақылау мақсатында арнайы электронды білезік тағылды. Бұл құрал сотталған адамның белгіленген аумақтан шықпауын қамтамасыз етеді және пробация қызметіне оның тәртібін бақылауға мүмкіндік береді.
«Біле тұра қателік жасағаныма өкінемін. Есірткі сатқан да, еккен де – қылмыс. Электронды білезік тағылды, қарсы болған жоқпын, өйткені енді қылмысқа қайта оралмау керектігін жақсы түсіндім. Кешкі уақытта үйден шықпаймын. Бұл – мен үшін дұрыс шешім. Қылмыстың өтеуі – жаза екенін жүрегіммен түсіндім», – дейді пробация есебіндегі азамат.






