ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Трамп Медведевті «аузына келгенді аталаудан» сақтандырды

УАШИНГТОН. 1 тамыз. АҚШ президенті Кремльдің жарамазаншысына «қауіпті риторикаға» бой алдыра бермеуді пісенттеді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Дональд Трамп Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевке ашық мәлімдемелерінде «сөзді мұқият таңдауға» кеңес берді.

Трамптың айтуынша, ресейлік саясаткер «өте қауіпті аумаққа қарай жиі кіріп кетіп жатыр».

Бұған дейін Трамп Үндістанның Ресеймен сауда қарым-қатынасына қатысты пікір білдіріп, оған аса мән бермейтінін айтқан.

«Маған Үндістанның Ресеймен не істейтіні маңызды емес. Олар өздерінің өлі экономикаларын сонымен бірге құртуы мүмкін, ал маған бәрібір», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Осыдан кейін Нью-Дели РФ-дан мұнай алудан бірден бас тартып, онымен сауда жасасу ауқымын күрт тарылтып жіберген.

Ақ үйдің қожайыны сондай-ақ Үндістанды жоғары тарифтері үшін сынап, оларды «әлемдегі ең жоғары бағалардың бірі» деп атады. Тақырыпты жалғастырған Трамп Ресей мен Дмитрий Медведевке де тоқталып өтті.

«АҚШ-тың Ресейде бірлескен бизнесі жоқтың қасы. Оны сол қалпында қалдырайық. Ал өзін әлі де президентпін деп есептейтін Ресейдің бұрынғы сәтсіз президенті Медведевке оның сөздеріне назар аударуын айт», – дегенді қосты ол бұған.

Алайда Медведев бұл ескертуге айылын жимай, қатқыл жауап беріп, Трамптың сөздерін қоқан-лоққы деп атады. Оның пікірінше, мұндай эмоционалды реакция «Ресейдің дұрыс бағытта келе жатқанын растайды».

«Егер Ресейдің бұрынғы президентінің сөздері АҚШ-тың айбынды президентінде осындай жүйке реакциясын тудырса, Ресейдің бәрі де дұрыс», –деді ол.

Трамптың «өлі экономика» туралы мәлімдемелеріне түсініктеме бере отырып, Медведев оған «жүріп бара жататын өлілер туралы сүйікті фильмдерін есте сақтауды» ұсынды және табиғатта кездеспейтін «өлі қол» қаупін» атап өтті.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button