Ұшақ бортында стюардессаны ұрған жолаушы қамауға алынды
АСТАНА. 14 қаңтар. Кеше FlyArystan әуекомпаниясының Астана – Өскемен бағытындағы рейсі ұшағынан бір бұзақы жолаушы түсіріп алып қалынды. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Оқыс оқиға лайнер ұшуға дайындалып жатқан кезде орын алған. Бортсерік жолаушыларды санап, жанынан өтіп бара жатқанда да бір мас жолаушы оны ішінен ұрып жіберген.
Сол кезде бортта отырған журналист Азамат Ерғалидың әлеуметтік желідегі парақшасында жазуынша, ер адам ұшаққа отырғызу кезінде агрессивті әрекет танытқан.
«13 қаңтар күні Fly Arystan-ның 7371 рейсінде есерсоқ жолаушы бортсерікке шабуыл жасап, оған қол көтерді. Бұзақы менің орындығымның артында отырды. Бір кезде орындыққа қатты соққы тигенін сездім. Содан кейін бортсерік қыз бен ер адамның айғайын естідім. Қорыққанымнан орнымнан атып тұрдым. Мен оны тоқтатпақ болып, «Не істеп жатырсың?!» деп айқай салғанда, ол маған да бірнеше рет қолымен соққы жасады», – деп жазды ол.
Оның баяндауынша, ер адам кейін де тәртіпсіздігін жалғастырып, басқа жолаушыларға, оның ішінде оқиға куәгеріне де тиісе бастаған.
Аталған оқиғадан соң полиция барлық жолаушыны борттан түсіріп, рейсті кідіртуге мәжбүр болған.
«Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен компанияның авиациялық қауіпсіздік қызметінің мамандары шақырылды. Құжаттарды тексеру барысында деструктивті жолаушы бомба бар екенін де мәлімдеді. Осыдан кейін әуежайдың кинологиялық қызметі шақырылып, барлық жолаушылар ұшақтан шығарылды. Сондай-ақ, бортсеріктің жағдайын тексеруден өткізу үшін әуежайдың медициналық қызметі шақырылды», – делінген әуе компаниясының хабарламасында.
Содан кейін әуе кемесіне жедел түрде мұқият тексеріс жүргізілді, нәтижесінде жарылғыш немесе басқа да тыйым салынған заттар табылған жоқ.
«Әуе компаниясы борттағы құқық бұзушыларға қатысты төзімділік танытпау саясатын ұстана отырып, деструктивті жолаушыға байланысты қатаң шаралар қабылдайды. Бортта деструктивті мінез-құлық көрсетуге және ережелерді бұзуға мүлдем жол берілмейтінін және бұл заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкелетінін еске саламыз», – деп хабарлады FlyArystan әуе компаниясынан.
Полицияның мәліметінше, ұсталған ьұзақы 47 жастағы ер адам болып шықты. Көлік полициясы департаментінің хабарлауынша, бұзақылық және терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған.
Еске сала кетейік, бір жыл бұрын FlyArystan ұшағында осыған ұқсас оқиға тіркелген болатын. Танымал әртіс Бауыржан Нұрымбетов мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзып, стюардессаға қол жұмсаған. Салдарынан әртіске 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған еді.