Теннис: Соболенко бүгін Пегуланы оңай жеңе ала ма?
Әлемнің екінші ракеткасы, белорус Арина Соболенко мен үшінші сатыда тұрған америкалық Джессика Пегула бүгін, 8 қыркүйекке қараған түні Астана уақытымен сағат 01:00-де Нью-Йоркте мәреге жеткелі жатқан АҚШ-тың «Үлкен дулыға» шоғырына кіретін «US Open» ашық чемпионатының финалында кездесіп, беделді турнир жеңімпазының есімін белгілейді.
Букмекерлер матчтың бәс коэффициентін анықтап, қарсыластардың дайындық деңгейлері мен кездесулері статистикасын жариялады.
Джессика Пегула (АҚШ, 6) – Арина Соболенко (Беларусь, 2). Нью-Йорк, 8 қыркүйек, сағат 1:00
Джессика Пегула
Осы чемпионатқа дейін Джессика Пегула әлемдік рейтингіде 6-шы болып тұрды. Ал турнир барысында кездескен қарсыластарын бірінен кейін бірін ұтуы арқылы ұпай санын біртіндеп арттырып, финалға дейін 3-ші сатыға көтеріліп үлгерді. Естеріңізге сала кетейік, осы сайысқа шекті рейтингінің үшінші белесіне қағаз жүзінде қазақстандық есепті түбі ресейлік теннисші Елена Рыбакина орналасқан еді. Бірақ ол жарыстың бас жағында-ақ өз еркімен турнирді аяқтап, соңында 4-орынға сырғып кетті.
Әдетте теннис, бокс сияқты спорт түрлеріне кедейшіліктің кепшігін қаққан отбасылардың балалары баю үшін барып жатады. Алайда кішкентай Джессиканың басында мұндай жағдай мүлде болмаған еді. Ол есін білгелі ата-анасының есепсіз бай адамдар екенін естігенімен, бұған оншалықты мән бере қоймапты. Сөйтіп, үлкен тенниске жүрек қалауымен келген екен. Осылайша өзінің мақсатына қарай сеніммен батыл қадам баса бастайды.
Міне, Джессика Пегула сондай ірі мақсаттарының біріне жетіп, «Үлкен дулыға» турнирлерінің бірінің финалында шайқасу мүмкіндігіне бірінші рет жетіп отыр. Америкалық қыз бұған дейін талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді. Оның осы жолдағы басты текетіресі рейтингіде бірінші тұрған поляк қызы Ига Свёнтекті ширек финалда жолдан шығарып тастау болды. Осы жекпе-жектерде ол қарсыластарына бір сетте ғана есе беріп қойды, ал қалған матчтарының бәрін «құрғақ» есеппен ұтып шықты.
Енді Джессика мұның алдында Цинцинаттидегі финалда өзін 2:0 етіп ұтып кеткен белорус қызы Арина Соболенкодан есе қайыруға барын салатын шығар. Ол сол жолы да барып салған, лекін атақ-даңқы көптеу бәсекелесінің нөпір шабуылына бәрібір төтеп бере алмаған.
Джессика Пегуланың «US Open» ашық чемпионаты ұтыстары:
1-айналым. Шелби Роджерс (АҚШ, 356) 6:4, 6:3
2-айналым. Софья Кенин (АҚШ, 54) 7:6, 6:3
3-айналым. Джессика Бузас Манейро (Испания, 74) 6:3, 6:3
4-айналым. Диана Шнайдер (Ресей, 18) 6:4, 6:2
Ширек финал. Ига Свёнтек (Польша, 1) 6:2, 6:4
Жартылай финал. Каролина Мухова (Чехия, 52) 1:6, 6:4, 6:2
Арина Соболенко
Теннис мамандарының көбі «Us Open» сөреден шыққан кезде Соболенконың алдына қойған басты мақсатына қол арта алатынына оншалықты сенімді бола қоймаған еді. Бірақ мұнда бәрі Аринаның межелегеніндей болып шықты, ол бұған дейінгі қарсыластарының бәрін табанды түрде ұтып, алға қарай жылжи берді. Енді сол басты мақсатына жетуі үшін оған ең соңғы бір матчта жеңіске жету ғана қалып тұр.
Белорус спортшысы бұл жолы да жолында кездескендердің бәрін таптап өтті. Ол да осы матчтарда бір ғана сетте бәсекелесінен осалдық танытты, қалғандарының бәрін өз пайдасына жазып шықты. Арина, жалпы, осының алдындағы Цинцинатти турнирінен бері қатарынан 11 кездесуде жеңіске жетіп отыр.
Соболенко жартылай финалда соңғы бір жарым жылда қатты қарқынмен өсіп, алғашқы ондыққа жақындап қалған америкалық Эмма Наварромен шайқасып, оны екі сетте корттан ығыстырып тастады. Әлемнің екінші ракеткасы мұнда да ойын тізгінін өз уысынан шығарған жоқ.
Әлбетте, Джессика Пегула қолынан келіп жатса, Арина Соболенкодан бұдан екі апта бұрынғы жеңілісінің қарымын қайтарғысы келеді, бірақ оның мұны орындай алатынына үлкен күмән бар.
Арина Соболенконың «US Open» ашық чемпионаты ұтыстары:
1-айналым. Присцилла Хон (Аустралия, 203) 6:3, 6:3
2-айналым. Лючия Бронцетти (Италия, 76) 6:3, 6:1
3-айналым. Екатерина Александрова (Ресей, 31) 2:6, 6:1, 6:2
4-айналым. Элисе Мертенс (Бельгия, 35) 6:2, 6:4
Ширек финал. Чжэн Циньвэнь (Қытай, 7) 6:1, 6:2
Жартылай финал. Эмма Наварро (АҚШ, 12) 6:3, 7:6
Қарсыластар жекпе-жектері
Бүгінгі финалистер бұған дейін бір-бірлерімен 7 мәрте кездескен. Олардың жиынтығында Арина 5:2 есебімен басым тұр. Соның ішінде хардтағы шайқастарының есебі – 2:2. Бұлардың соңғы кездесулері, жоғарыда айтқанымыздай, бұдан екі апта алдын Цинцинаттидегі турнирдің финалында өтті. Онда Соболенко 2:0 (6:3, 7:5) жеңіске жеткен. Ал соның алдында, өткен жылы ойналған матчта Пегула 2:0 (6:4, 6:3) есебімен басым түскен.
Болжам мен бәс
Букмекерлер Арина Соболенконың тағы да мерейі үстем болатынына сенімді болып отыр. Сол үшін оның жеңісі 1.33 коэффициентімен бағаланған, ал Пегуланың жеңісі үшін 3.44 балл қойылды.
Болжам: 30 жастағы Джессика Пегула 26 жастағы Арина Соболенконың аса қиындықпен жеңіске жетуі үшін барынша қарсыласып бағады, бірақ ол бәрібір белорус қызының ұтып шығуын тоқтата алмайды. Кейбір букемекерлік кеңселер матчтың 2:0 болып аяқталатынына да тәуекел білдіріп отыр.
Айтқандай, АҚШ ашық чемпионатының жеке тұлғадағы жеңімпазы биылғы жылы 3,6 миллион доллар көлемінде сыйақы алады, ал онымен бірге финалда шайқасқан теннисшіне 1,8 миллион доллар беріледі.