АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Жамбыл облысында 6 адамның өмірін жұлып кеткен жол апаты орын алды

АСТАНА. 17 тамыз. Жамбыл облысының Меркі ауданында өткен түнде 6 адам қаза тапқан жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Апат республикалық маңызы бар Меркі – Шу – Бурылбайтал автожолының 40-шы шақырымында болған.

Оқиға барысында Toyota Alphard көлігінің айдаушысы қарсы ағыстағы жол белдеуіне шығып кетіп, патруль полициясының Skoda Octavia машинасына бетпе-бет келіп соққан. Соның салдарынан миниэвен бірден өртеніп кеткен.

Оқиға салдарынан екі полиция қызметкері мен минивэннің төрт жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

«Toyota көлігінде 8 жолаушы болған. Олардың 4-і оқиға орнында қаза тапты, ал айдаушы салондағы қалған үш жолаушымен бірге әртүрлі дене жарақатымен аудандық орталық ауруханаға жатқызылды», – делінген Ішкі істер министрлігі жариялаған хабарламада.

Қаза тапқан полиция қызметкерлерінің бірі – Ғалым Арыстанбаев 11 бала тәрбиелеп отырған көп перзентті әке болып шықты.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Facebook желісіндегі парақшасында Жамбыл облысындағы тас жолда болған жол апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Ол қаза тапқан екі полицейдің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

«Жамбыл облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүріп, қызметтік борышын орындау барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Олардың елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Қайғылы оқиғаның мән-жайын тергеу барысы менің жеке бақылауымда», – деп жазды министр.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button