Қазақстан ҰОК Базарбайұлы жекпе-жегінің нәтижесіне орай шағым түсірді
ПАРИЖ. 2 тамыз. Кеше түнде Париж Олимпиадасының ширек финалында есе жіберген қазақстандық Мұхамедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты ҰОК шағым білдірдегенін мәлімдеді. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті 63,5 келі салмақта жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсірді», – делінген Olympic.kz хабарламасында.
«Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз», – деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ұлттық Олимпиялық комитеті қазақстандық боксшылардың Париж рингіндегі жекпе-жектеріне төрелік еткен жекелеген төрешілерге қатысты PBU-ға ескерту жасаған болатын. Ескерту қабылданып, қазіргі таңда зерттеу жүргізіліп жатыр.
Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесін ұйымдастырушылар бұл ескертуге назар аударып, аталған жағдайға қатысты зерттеу жүргізуге уәде берді. Аталған төрешілерге қатысты іс қозғалды.
Осы орайда, бұл іс-шараның жекпе-жектер нәтижесіне әсер етпейтінін ескеру керек. Ережеге сәйкес, аяқталған жекпе-жектер нәтижесі қайта қаралмайды. Алайда, төрешілердің өз қызметінде қателік жібергені дәлелденсе, олар қызметтен шеттетілуі мүмкін.