НАТО-ға қарасты ел Украинаға F-16 истребителінің 30-ын бермекші
АФИНА. 18 шілде. Солтүстік альянсқа мүше ел Украинаға АҚШ арқылы 30 дана F-16 истребителін беру жайын қарастырады. Бұл туралы Al Jazeera ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Грекия бастамашы болып отырған бұл мәселені, әлбетте, Ресей тарапы әдеттегідей «жындана» қабылдады. РФ сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Эллада елінің Украинаға қару жөнелту жөніндегі шешімін «өте үлкен қателік» және «қылмыс» деп атады. Сонда орыстардың бейбіт жатқан тәуелсіз елге басып кіріп, ондағы жазықсыз тұрғын халықты қырып-жойып жатқаны қылмыс емес екен де, сол зәбір көруші елге өзге мейірімді жұрттың көмек қолын созғаны озбырлық екен ғой! Міне, агрессор Кремльдің логикасы осындай.
Дегенмен, бір жақсысы, Мәскеудің бұл байбаламы мен шыжбалаңын тыңдай қояйын деп жатқан альянс елдері жоқ.
Грекия Құрама Штаттарға 30-ға жуық F-16 истребителін сату мүмкіндігін қарастырады. Ал Уашингтон өз кезегінде оларды Украинаға бере алады.
Al Jazeera басылымының жазуынша, Грекия қорғаныс министрлігі АҚШ-та шығарылған F-16 маркалы, Block 30 конфигурациялы 32 истребительді есептен шығарып тастағалы отыр. Бұл ұшақтардың есептен шығарылуына олардың Block 70 Viper деңгейінде қайта жабдықтап шығуға жарамайтыны себеп болған сияқты. Ал АҚШ оларды жөндеуден өткізіп, жақсылап жаңғыртып алып, Украинаға жіберетін болады.