Еуро-2024: Әділдік жеңді, құрлықтағы ең күшті Испания чемпион атанды (видео)
БЕРЛИН. 15 шілде. Бүгін түн ортасы ауа футболдан Еуропа чемпионатының финалында Англияны 2:1 етіп жеңген Испания құрамасы «сары құрлықтың» чемпиондығына қол жеткізді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Испания құрамасы біріншіліктің өне бойында біркелуі өте жақсы ойын өрнегін көрсетіп, шын мәнінде чемпиондық атақты лайықты жеңіп алды. Осымен испандар төртінші мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Осының алдындағы чемпионаттың финалында Италия командасына жол беріп алған ағылшындар тағы да бас жүлдеден лайықты түрде құр қалды.
Жалпы, Еуропа чемпионатының тарихына келсек, ол 1960 жылдан бастау алады. Оның сол жылғы ең алғашқы чемпионы КСРО құрамасы болды. Ал Англия еш уақытта да чемпион бола алған жоқ. Ол 2020 жылы Италияға ойыннан кейінгі пенальтиде жол беріп, күміс медаль алса, 1996 жылы өз елінде өткен жалғыз біріншілікте қола жүлдегер атанды.
Еуропаның төртінші мәрте чемпионы болып отырған Испания осымен рекордты жаңартты. Бұған дейін сол сияқты Германия – үш рет, Италия мен Франция – екі реттен, Чехословакия, Нидерланд, Дания, Грекия және Португалия бір реттен чемпионан атанған еді.
Осы жолғы турнирде де ағылшындар аса бір жарқырап көріне қоймады. Альбиондықтар топтық іріктеу турында Сербияны 1:0 етіп ұтып, Даниямен 1:1, Словениямен 0:0 есептерімен тең түсті. Бұдан кейін 1/8 финалда Словакияны овертаймда 2:1 етіп ұтса (негізгі уақыт – 1:1), ширек финалда Швейцарияны ойыннан кейінгі пенальтиде ұтты (негізгі уақыт – 1:1, пенальти – 5:3), жартылай финалда Нидерландыны 2:1 етіп тізе бүктірді.
Бұларға қарағанда, Испания құрамасының жолы жарқын болды. Ол топтық турнирде Хорватияны 3:0, Италия мен Албанияны 1:0 есептерімен ұтып, 1/8 финалда Грузияны 4:1, ширек финалда Германияны овертаймда 2:1 (негізгі уақыт – 1:1), жартылай финалда Францияны 2:1 етіп жолдан шығарып тастады.
Испандар финалдық ойында да қарсыластарынан айқын басым ойнады. Бұл үшін олардың допты өз тізгінінде ұстау көрсеткіші 66 да 34 пайыз болғанын айтсақ та жеткілікті. Болашақ чемпиондар шабуылды үсті-үстіне үдетті. Бірақ бірінші таймда сол басымдықтарын голға айналдыра алмады. Алғашқы допты 47-минутта Нико Уильямс жас әріптесі Ламин Ямаль берген пасты керемет пайдалана біліп, испан командасын алға шығарды. Алайда 70-минутта алаң төрінен көрінген Коул Палмер 3 минуттан кейін таразы басын теңестіріп кетті. Осы тепе-теңдік 86-минутта Микель Оярсабаль жеңімпаздар жағына екінші голды салып бергенше жалғасты. Сөйтіп, Испания құрамасы өзінің заңды жүлдесін жеңіп алды.
Испандар сапындағы 17 жасар Ламин Ямаль турнирдің ең жас ойыншысы атанды. Ал үздік футболшыға арналған жүлде испан Родриге бұйырды.