Мексикада әйелдерге қатысты зорлыққа қарсы шеру болды
МЕХИКО. 9 наурыз. Мексиканың астанасында кеше әйелдердің өздеріне жасалатын зорлық-зомбылыққа наразылық білдірген шеруі болып өтті. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Мехико қаласының орталық көшелерін кернеген бұл наразылық шеруіне бір мезгілде 80 мың адам қатысқан. Осының салдарынан көшелерде ұзақ уақыт бойы көлік қозғалысы тоқтап қалған.
Халықаралық әйелдер күні – 8 наурызға ыңғайластырылып ұйымдастырылған шеру негізінен бейбіт сипат алды. Алайда, қозғалыс барысында вандализм деректерінің орны алғаны анықталды.
Өздерінің беттерін маскалармен және орамалмен бүркеп, жасырып алған әйелдер жолай кетіп бара жатқан магазиндер мен ресторандардың витриналарын қиратып өтіп, қабырғаларға қарсылық сөздерін жазып кеткен.
Кейінірек манифестанттар полициямен қақтығысуға әрекет жасап көрген. Бірақ бәрінің ақыры тыныш біткен. Тәртіп сақшылары арандатуға ермеген.