Бокс: Валентина Хальзова мен Назым Қызайбай ширек финалға шықты
БАНГКОК. 1 маусым. Бангкокта өтіп жатқан олимпиялық лизенциялық турнирде Валентина Хальзова мен Назым Қызайбай 1/8 финалда жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті. Бұл туралы Vesti.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұлардың екеуі де Олимпиялық ойындарға жолдама алуға бір қадам қалып тұр.
Турнирге Африкадан – 25, Америкадан – 27, Азиядан – 31, Еуропадан – 39, Океания аймағынан – 9 мемлекеттің, барлығы 131 елдің 578 боксшысы қатысып жатыр.
Мұнда ерлер 57, 80 келіге дейінгі салмақта – 3, сол сияқты 51, 92, +92 келіге дейінгі салмақта – 4, сондай-ақ 63,5 және 71 келіге дейінгі салмақта 5 квота, әйелдер 60 келіге дейінгі салмақта – 3, сол сияқты 50, 54, 57, 66, 75 келіге дейінгі салмақтарда 4 квота алады.
Лицензиялық турнирдің бүгінгі күндізгі сессиясында 75 келіге дейінгі салмақтағы Валентина Хальзова моңғол Ерденетуя Енкхбаатарды емін-еркін ұтты. Есеп – 5:0. Ол екінші раундта қарсыласын нокдаунға да түсірді. Енді ширек финалда да жеңіске жетсе, өз салмағындағы 4 квотаның біріне қол жеткізеді. Бұған дейін Валентина бір жекпе-жек өткізіп, украин Каролина Махноны 5:0 есебімен жеңген болатын.
Кешкі сессияда 50 келіге дейінгі салмақтағы Назым Қызайбай британиялық Саванна Стаблиді 5:0 етіп тізе бүктірді. Ол да алдағы шайқасында жартылай финалға шықса, Париж Олимпиадасына жолдама алады. Әлемнің 2014, 2016 жылдары чемпионы атанып үлгерген боксшы әзірге Олимпиада ойындарға қатыса алған жоқ.
Назым бұған дейін словак Николь Дурикова мен кореялық Жух Юнг Жунгті айқын басымдықпен жеңген еді.
Суретте: Назым Қызайбай бүгінгі жеңісінен кейін