Қуандық «уақытты жоғалтпау үшін» Салтанатты шашынан сүйрегенін айтты (видео)
АСТАНА. 8 сәуір. Әйелін зұлымдықпен өлтірді деген айып тағылып отырған Қуандық Бишімбаев уақытты босқа кетірмеу үшін оны шашынан сүйрегенін мәлімдеді. Бұл туралы nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Экс-министр Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаев Астана қалалық мамандандырылған аудандық сотында жауап беруді жалғастырды.
Зардап шеккен тараптың адвокаттары сотта одан «Bau» ресторанында Салтанатты неліктен VIP-кабинаға шашынан сүйреп апарғанын сұрады.
Айта кетейік, аталып отырған ресторан Бишімбаевтар әулетінің жеке меншігі болып табылады (B – Бишімбаевтар, A – Альмира, U – Уәлихан – ред.). Ал сол қоғамдық орын қарайтын «Гастро-орталық» кешенінің акциясы Қуандықтың анасы – Альмира Нұрлыбекованың атына жазылған көрінеді. Бұларды айыпталушының өзі бұдан бұрынғы сотқа жауабында айтып берген-ді.
Бұған дейін көрсетілген бейнебақылау камерасының видеожазбасында Қуандықтың әйелін ұрып, тепкілеп алған соң оны шашынан уыстап ұстап, қайта-қайта сүйрегені көрініп тұрды.
«Күштеп тұрғызғым келді, дәретханада оны тұрғызуға тырысқаным есімде, ол ұзақ уақыт тұрмады. Мен оның тез тұрып кеткенін қаладым, шынымды айтсам, уақытты босқа өткізбеу үшін (қандай цинизм! – ред) сөйттім. Оның орнынан тұрып, киінуін талап еттім», – деп жауап берді Бишімбаев.
Бұл сауалдың алдында Салтанат Амангелдіқызы Нүкенованың туған ағасы Айтбек Амангелді сотталушы Бишімбаевқа «Адамды тұрғызудың шаштан сүйреуден басқа тәсілдерін білесің бе?» деген сұрақ қойған еді. Қуандық бұған сол кезде өзінің қатты ызалы болғанын айтып, жауап қайтарды.
Tengrinews.kz ресурсының жазуынша, сотта «жедел жәрдем» операторының жазбасы да тыңдалған.
«Экс-ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында Салтанат Нүкенова қайтыс болған мейрамханадан түскен қоңырауға жедел жәрдем операторы жауап берген жазба тыңдалды», – деп атап өтті Tengrinews.kz тілшісі.
Сотта Нүкенова қайтыс болған күні ресторанға барған полиция қызметкерінен жауап алынған соң, оның видеотіркегішіндегі жазбасын көруге шешім қабылданды.
Бұған дейін Бишімбаевтың адвокаттары «жедел жәрдем» операторымен әңгіменің жазбасын тыңдауды сұраған-ды.
«Жедел жәрдемді» нақты кімнің шақырғаны белгісіз. Бұл Бишімбаевтың туыс ағасы, екінші сотталушы Бақытжан Байжанов болуы мүмкін. Ер адамның дауысы телефон арқылы ресторанға бригада келуі керек екенін жеткізеді. Оператор барлық мәліметті анықтап алғаннан кейін науқастың тамыр соғысы бар-жоғын сұрайды.
«Күйеуінен сұраңыз, тынысын тексерсін, ол дем алып жатыр ма, жоқ па? Кеудесі көтеріліп жатыр ма? Қараңыз», – дейді әйел.
Қоңырау шалған адам бұған «Жоқ, мен білмеймін», – деп жауап береді.
Тағы сұрағаннан кейін ол Салтанаттың тыныс алмай жатқанын айтады.
«Екі саусақты мойынға, трохея бойына қойыңыз, тексеріңіз, тамыр соғысы бар ма? Өйткені, тамыр соғысы болмаса, қазір «жедел жәрдем» келгенше реанимация жасаймыз», – дейді сосын «жедел жәрдем» операторы.
«Мен тамыр соғысын сезбей тұрмын», – дейді ер адам.
Осы кезде артқы жақтан Бишімбаевтың дауысы естіледі. «Ол өліп қалды, ол өліп қалды», – деп жылап, айқайлайды Қуандық. Сондай-ақ, Нүкенованы реанимациялау кезінде Бишімбаев оның есімін айтады.
Мұның бәрін видеодан толығырақ тыңдай аласыздар: