«Крокустегі» қанды қасапта 15 жасар қырғыз ұланы 100 адамды құтқарды
МӘСКЕУ. 24 наурыз. Бұрнағы күні кешке Мәскеуде болған террорлық акт кезінде 15 жасар қырғыз баласы 100-ге жуық адамды оқ пен оттың ортасынан алып шықты. Бұл туралы Baza телеграм-арнасы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Оқыс оқиға Мәскеу түбінде орналасқан Красногорск қаласындағы «Крокус Сити Холл» концерт залында орын алды. Осында гардеробшы болып істейтін 15 жасар қырғыз ұланы Ислам Халилов өзінің тым жастығына қарамай, зор ерліктің үлгісін көрсетіп, басын өлімге тіге жүріп, 100 адамның ажал аранына түспей кетуіне бірден-бір себепкер болды.
«Фонтанка.ru» ресурсының жазуынша, Исламның аталмыш концерт залында киім қабылдаушы болып жұмыс істеп жүргеніне жылға жуықтапты. Оның 22 наурыздағы жұмыс күні әдеттегідей сағат 16:00-де басталған.
Ислам «Московский комсомолец» газетінің тілшісіне әлденеше ондаған адамды лаңкестер тырнағынан қалай құтқарғанын айтып берді.
«Әуелгіде біз бірінші қабаттан әлдеқандай бір түсініксіз дыбыстарды естідік. Сосын бір шулы компания келіп қалған екен деп ойладық», – дейді Ислам шабуыл жасалған алғашқы минуттарды еске алып тұрып.
Оқиға тұсында бойларын қатты үрей билеп, обығып сыртқа қарай ұмтылған адамдардың тасқынын Ислам эвакуациялық үлкен есікке қарай жетелеп жеткізіп тұрған.
Жасөспірімнің өзі «Базаға» айтқанындай, ғимараттың астыңғы қабатында болып жатқан шудың жай нәрсе емес екенін, шабуыл екенін тез аңғарып, жұртты мына топалаңнан алып шығуға саналы түрде бел буып кіріседі. Ол мұның бәрін салқынқандылықпен атқарып, адамдарды қызметтік және эвакуациялық есіктерден сыртқа айдайды, ал естеріне танып, самсоз болып тұрғандарды өзі құшақтап немесе сүйемелдеп алып келіп, тысқа шығатын жерге дейін жеткізеді.
Батыр да батыл жасөспірімнің «Крокустегі» ерекше ерлігіне бөле-жара тәнті болған әнші Моргенштерн («шетел агенті» болып танылған) 15 жасар гардеробшы баланың есепшотына заматында бір миллион рубль сыйақы салып жіберіпті.
Ресей мұсылмандарының рухани лидері, муфти Равиль Гайнутдин алдағы жұмада Мәскеудегі Собор мешітінде «Еңбек сіңіргені үшін» медалімен марапаттауға уәде берді.
Ал Мәскеудің «Спартак» футбол клубы өзінің 15 жасар жанкүйерін үй стадионына шақырып, түрлі сый-сияпаттар жасады.