Медведев оккупанттардың әйтеуір бір кезде Киевке дейін баратынын мәлімдеді
МӘСКЕУ. 22 ақпан. РФ қауіпсіздік кеңесі райысының орынбасары Дмитрий Медведев РФ армиясы Киевті ақыры бір алатынын, ал Одессаның өздерін күтіп қалғанын айтты. Бұл туралы «Украинская правда» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Медведев Ресей әскеролеріне «арнайы соғыс операциясындағы мақсатына жету үшін» «дәл қазір болмаса да, кейінгі бір уақытта» тағы да Киевке дейін жету керек екенін айта отырып, «Одесса жұртының өздерін күтіп қалғанын» баяндады.
«Қай жерде тоқтаумыз керек? Білмеймін. Менің осы айтып отырғандарымды пысықтап алу үшін бізге әлі көп жұмыс істеуге тура келеді. Ендігі меже Киев бола ма? Иә, шамасы, бұл Киев болуға тиіс шығар. Егер дәл қазір болмаса, біршама уақыт өткеннен кейін, бәлки, бұл жанжалдың басқа бір кезеңінде жүзеге асып қалар», – деп қиналды біраз Димон өз сөзінде.
Медведевтің айтуына қарағанда, осылай болуының екі себебі бар. Біріншісі – Киев деген «орыстың қаласы» екен-міс, екіншісі – Ресейдің Америка Құрама Штаттары бас болып тұрған жауларынан құралған «интернационалдық бригада» басқаратын Киевтен қазір Ресей Федерациясына айтарлықтай интернационалдық қауіп төніп тұр.
«Сондықтан, иә, ендігі меже Киев болатын шығар», – деп ағынан ақтарылды Димон микрофон алдында.
Ол өз сөзіне сондай-ақ «Одессаның Ресей Федерациясын күтіп қалғанын» қосты.
«Одесса, үйіңе орал. Біз, Ресей Федерациясындағылар Одессаның оралуын күтіп қалдық. Тіпті қаланың тарихын түгендегенде де, онда қандай адамдар тұратындарына, олардың қай тілде сөйлейтіндеріне қарағанда да – ол біздікі, ресейлік, орыстың қаласы», – деп сұңқылдады
Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, Одесса қаласы тұрғындарының 61 пайызын – украиндар, 29 пайызын орыстар, 1,4 пайызын еврейлер құрайды.
Биылғы қаңтардың ортасында Медведев Ресейдің бұдан былай ылғи Украинамен соғысып тұратынын, екі арадағы ұрыс қимылдарының 10 жылдан кейін де, 50 жылдан соң да қайта жалғасып кете беретінін мәлімдеген болатын.
Медведев биылғы 12 қаңтарда Киевке Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак келген кезде Ресейдің Британияға қарсы соғыс жариялайтынын айтып, қорқытқан еді.
Ал 2023 жылғы желтоқсанда Димон Ресейдің НАТО-мен қақтығысы Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталып кетуіне «бұрын-соңды орын алмағандай» себептің басы болатынын баяндаған. Соның алдында Германияның қару-жарақ шығаратын зауыттарына соққы беретіндерін де айтып салды.