Тайваньдағы президент сайлауында Қытайға қарсы кандидат жеңіске жетті
ТАЙБЭЙ. 14 қаңтар. Тайваньда өткен сайлауда антиқытайлық пиғылдағы Лай Циндэ жаңа президент болып сайланды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Тайваньдағы билік басындағы «Демократиялық прогрессивті партияның» лидері Лай Циндэ сайлауда 40,1 пайыз дауыс алды. Оның Тайваньдағы басты оппозициялық партия – «Гоминьдан» атынан түскен негізгі қарсыласы Хоу Юи өзінің жеңілгенін мойындады. Ол 33,5 пайыз дауыс жинады. Сөйтіп, Қытай республикасының (мұны байтағы Бейжің болып табылатын Қытай халық республикасымен шатастырмау керек) жаңа президентінің есімі белгілі болды.
Жаңа басшы Лай АҚШ-пен бұрынғысынша тығыз байланыс орнатыла беретінін мәлімдеді. Ол Тайвань бұғазындағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен статус-квоны сақтай отырып, Қытай тарапынан болатын барлық қоқан-лоққылар мен арандатушылықтарға қарсы тұратындарын баяндады.
64 жастағы Лай Қытай республикасының президенті қызметіне тек мамыр айында ғана кіріседі, себебі, қазіргі мемлекет басшысы Цай Инвэннің мерзімі сол кезде аяқталады.
Тайваньдағы сайлаудың қорытындысына Қытай халық республикасы әзірге реакция жасай қойған жоқ. Оның есесіне, Ресейдің диктаторлық билігі «бір белдеу» ұранын ұстанып келе жатқан Қытайдың «бөлінбес ел» екеніне салмақ сала келіп, Тайваньдағы сайлауды мойындамайтынын білдіріп үлгерді. Өкінішке қарай, Кремльдің қас-қабағына қарап құбыласын анықтап отыратын Қазақстан өкіметі де іле-шала осы мазмұндас мәлімдеме жариялап жіберді.
Жалпы, демократиялы Тайваньдағы сайлау тоталитарлық жүйедегі дәулеттердің, соның ішінде нәпахасын Қытайдан ажыратып отырған мемлекеттердің көбіне ұнамай жатқан сияқты. Әлде бұл олардың Жөңге еліне жағынған сиықтары ма екен? Бірақ Тайвань билігі бұған пысқырып та қарамайтынын баяғыда-ақ байқатып қойған.