Алматыда автобус қағып өлтірген ерлі-зайыптылардың артында 4 бала қалды
АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. Алматыда автобус қағып өлтірген ерлі-зайыптылар кеше жер қойнына берілді, олардың артында аңырап жылап 4 бала қалды. Бұл туралы «Халық үні» дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Алматыда автобустың астында ажал құшқан ерлі-зайыптыларды туыстары соңғы сапарға шығарып салды. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген марқұмдардың жұмыстан шығып, енді ғана үйіне бет алған кезі екен. Қара жамылған отбасы енді кінәлілер қатаң жазасын алса деп тілейді», – делінген хабарламада.
Марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаевадан жақындары қапыда айырылып қалғанына әлі сенбейді. Олар туыстарының біріне бауыр, біріне келін, тағы біріне жол көрсетер аға болған. Сонымен қатар 4 бала тәрбиелеп өсіріп отырған. Ұрпақтарының ең үлкені 23-те болса, екіншісі – 18 жаста. Үшіншісі – 9-сынып оқушысы, ал кенжесінің жасы бесте. Артында шырылдап қалған олар тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.
«Үнемі екеуі бірге жүретін еді, сол күні де екеуі ойында ештеңе жоқ, балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрған. Тура қосақтасып екеуі . Балалары түсінбейді әлі, олар біз келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертең мына адамның бәрі кеткеннен соң не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса, не деп айтамыз?», – дейді туысы Гүлнәр Тұрсынбекова.
Ерлі-зайыптылар оқуға бірге түсіп, бірге аяқтаған. Жұмысқа да қол ұстасып бірге кірген. Екеуі де қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Сол күні мектептен шығып, үйге қарай келе жатқан. Жол жиегіне тұрып, қала сыртына жүретін көлікті күткен. Сөйтіп, ойламаған жерден автобустың астына түсіп, ажалдарына кезіккен.
«Қатты жылдамдықпен келді деді ғой, қашқан адамдарды көрдім. Қашып құтылғандар бар. Құтыла алмай қалған ғой, біздің балалар. Полиция қызметкерлері куәлігін алған да, тыныш отыра берген. ЖСН, басқасы бар, қазір дамыған кез ғой, бірден түнде хабарламай ма?!», – дейді туысы Абдулла Құрбанов.
Қара жамылған отбасы автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді. Бірақ ол ұзаққа созылатын сыңайлы.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 22 желтоқсан күні Алматыдағы Райымбек даңғылының бойында № 47 бағыттағы көліктің қатысуымен болған. Оның салонында бір жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Соның салдарынан шофер есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Басқарусыз қалған көлік жол бойында бірнеше адамды басып кеткен, нәтижесінде оқиға орнында 3 адам қаза тауып, 4 адам түрлі жарақат алған.
Қазір бұл оқыс оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр. Күдікті жолаушы екі айға қамауға алынды.