Ауғанстанда күшті жер сілкінісінен 2400-ден астам адам опат болды
КАБУЛ. 9 қазан. Ауғанстанның Герат провинциясының батысында орын алған жер сілкінісі 2445 адамның өмірін жұлып әкетті. Бұл туралы TOLOnews ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Басылымның хабарлауынша, тағы 2440 адам зардап шеккен.
Зілзала сенбі күні таман басталған. Оның эпицентріндегі тербеліс күші 6,3 баллға жеткен.
Апаттың ошағы 272 мың тұрғыны бар Герат қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан. Ол тереңдігі 10 шақырым төменде жатқан. Бірінші сілкіністен кейін тағы сегіз дүмпу тіркелген. Олардың магнитудасы 7,3-6,3 аралығын қамтыған. Нәтижесінде 20 елді мекеннің тұрғындары зардап шеккен, 1983 ғимарат құлап қалған.
Министрлік өкілі Мохаммед Жанан Саиктың айтуынша, құрбандардың басым бөлігін 2 миллионға жуық адам тұратын Герат провинциясындағы Зендех Жан және Гориан округтерінің тұрғындары құрады, 13 ауыл түгел қирандыға айналды.
Бұл жер сілкінісі соңғы ондаған жылдар ішіндегі ең ірісі болды.
Талибтердің өкілі Сухейл Шахин көптеген адамның хабар-ошарсыз кеткенін баяндады.