Қызылордада «Анаға тағзым» орталығы өз жұмысын бастады
ҚЫЗЫЛОРДА. 29 қыркүйек. Бүгін Қызылорда облысының 85 жылдығы шарасы аясында облыс орталығында «Анаға тағзым» орталығы ашылып, жұмысын бастап кетті. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жерлестерін осынау оралымды оқиғамен құттықтады.
«Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты қағидасы бүгін де мәнін жоғалтқан жоқ. Кезінде Социалистік Еңбек Ері атанған 12 ақ жаулықты анамыз шыққан біздің киелі өңірде қажырлы еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген олардың ізбасарлары да жетерлік. Алдағы уақытта осы ғимаратта өткенге құрмет көрсетіліп, ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз насихатталады», – деді аймақ басшысы.
Аналарымыздың құрметіне бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы облыс жұртшылығына атымтай жомарттығымен танымал, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың 1,7 млрд теңге демеушілігімен салынды. Өңір басшысы меценатқа Сыр жұртшылығы атынан алғыс айтып, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын тапсырды. Іс-шарада ғимарат құрылысын жүргізген компания қызметкерлері де алғыс алды.
Еңбек ардагерлері Дайрабай Ысқақов, Алма Бақтиярова, Әзия Қыстаубаева жиналғандарды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады, ал Т. Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат бата берді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – креативті индустрияны жан-жақты дамытуды жүктеді. Президент тапсырмасына сәйкес, «Анаға тағзым» орталығы ғимаратынан «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмысын бастайды. Қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтерді ойлап тауып, экспорт дамуына үлес қосатын жерлестерімізді бір жерге шоғырландырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да жағдай жасалмақ. Мұнан бөлек, ғимаратта «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы ашылды.