Интернетте тараған кадрлар негізінде түрменің 14 қызметкері жұмыстан кетті
АСТАНА. 7 қыркүйек. Бұдан үш-төрт күн алдын әлеуметтік желіге щығып кеткен Ақмола облысындағы колониядан түсірілген видео бойынша түрменің 14 қызметкері жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Aikyn.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кадрда колония қызметкерлері бір соттаушыны жабылып, аяусыз соққының астына алып жатқаны көрініп тұр. ҚазТАГ оның белсенді Тимур Дәнебаев екенін атап жазды.
«Арнайы құралды пайдаланыңдар», – деп айғайлап тұр кадр сыртындағы біреу. Осыдан кейін камуфляж киген бір топ адам – шамасы, колония қызметкерлері болулары керек, – тұтқынды жаан-жағынан қысып ұстап, еденге жатқызды, ал форма киген бір жігіт қолына дөңбек секілді таяқпен оны соққылай бастайды.
Әрбір соққы берілген сайын Дәнебаев тарапынан оны ауырсынған дыбыс шығып жатыр.
Түрме қызметкерлерінің осыншалықты жүгенсіздік пен қатыгездік көрсетуіне сотталушының дәретхананы жуудан бас тартқаны себеп болыпты.
Кадрдағы жазуларға қарағанда, оспадарсыз оқиға 2023 жылғы 24 тамызда болған.
Қазір оған қатысқан 14 колония қызметкері қызметтерінен босатылғаны айтылып жатыр.
«Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазба бойынша Ақмола облысы бойынша ҚАЖД мекемесі әкімшілігінің арнайы құралдарды қолдана отырып, заңды талаптарына бағынбау фактілерінің жолын кесу кезінде қызметкерлердің қызметтік жағдайын асыра пайдалану белгілері байқалатынын хабарлаймыз.
Жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері бойынша тәртіптік комиссияның шешімімен облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ колония бастығы атқаратын лауазымдарынан шеттетуге ұсынылды. Сонымен қатар құқықбұзушылыққа қатысы бар 11 қызметкер ІІО-дан теріс себептермен жұмыстан шығаруға ұсынылды», – делінген Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару комитетінің хабарламасында.