АСТАНА. 27 мамыр. Қазақстанда мұғалімдердің өз шәкірттеріне репетитор болып, қосымша ақы алуларына тыйым салудың жолдары қарастырылып жатыр. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздарға өз шәкіртіне қосымша репетитор болып, ақша табуға жол ашуға шектеу қойылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Ол осы балаға сабақ бергені үшін өзі онсыз да айлық алып отыр ғой. Менің ойымша, бұл – этикалық та мәселе. Шектеу мәселесін біз қалайда талқылап алатын боламыз. Мемлекет осы балаға өзі қаражат бөледі. Сол балаға сапалы білім беру үшін мұғалімнің, шынын айту керек, қаржысы төленіп қойылған. Осы мәселені мұғалімдер енді арнайы шектеуге жеткізбей-ақ өздері түсінеді деп ойлаймын», – дейді Оқу-ағарту министрі.
Үкімет басшысы оқушыларды қорғауға байланысты жаңа шараларды қолға алуды тапсырды. Әсіресе, қылмысқа тарту және кибер-буллинг мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
«Қоғам мен әлеуметтік желілердегі кез келген дабылдарға дер кезінде жауап беру керек. Балалардың цифрлық қауіпсіздігі ерекше назар аударуды талап етеді. Оқу-ағарту, Ішкі істер және Ақпарат министрліктері балаларды интернет-алаяқтықтан, буллингтен, құқыққа қайшы контенттен және өзге де деструктивті әсерден қорғау жөніндегі алдын-ала жұмыстарды күшейтуі қажет», – деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Бұдан бөлек, жазғы демалыс орындарын жабдықтау мен ондағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету керек. Республикада оны бақылайтын штаб құрылды.
USD




